18 қазан Рухани келісім күні. Бұл атаулы күн 1992 жылдың 18 қазанында Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен бірінші бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өткен күннен басталған болатын. Айтулы күнге орай Жезқазған қаласы әкімдігі, «Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы» коммуналадық мемлекеттік мекемесі мен қалалық тарихи-археологиялық мұражайының ұйымдастыруымен «Достығы шалқыған шаңырақ» атты этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен қалалық байқау өтті.
Елімізде 18 қазан Рухани келісім күні ретінде жыл сайын атап өтілуде, көп ұлтты қазақстандық мәдениетке тән рухани бастамаларды нығайту – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі.
Ұлт көшбасшысы көпұлтты қазақстандықтарға тыныштық пен тұрақтылықты сақтау, бірі-бірімізді құрметтеу, бір-біріміздің сат-дәстүрімізді бағалап, сыйлау ең маңызды, әрі осылар арқылы біз болашағымызды жарқын, әрі бейбіт ете аламыз деген болатын. Осындай құндылықтар бүгінгі жаһандану заманында көптеген халықтардың бойынан табылмай жататыны өкінішті. Ал, біздің елде адамгершілік асыл қасиеттер сақталып, еліміз тыныштық пен ынтымақтастықтың арқасында өрлеп, даму үстінде. Бұл бірлік пен татулықтың айғағы.
Іс-шараға қатысушыларды «Жезқазған қаласының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Мереке Мырзабекова, қалалық Ахмет Ишан Орзайұлы атындағы мешіттің нәиб-имамы Абылай Сейдахметов, қалалық шіркеуден отец Онесим, «Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Бақытжан Көпбаев қалалық тарихи-археологиялық мұражайының директоры Раушан Қапарова құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға «Орыс» мәдениетінің этнографиялық орталығы, «Дослық» татар-башқұрт бірлестігі, «Ватан» Түркімен ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігі, «Возрождение» немістер қоғамы және «Диндалле» қоғамдық бірлестігі белсенді қатысты. Сайыскерлер төрт тур бойынша сынға түсті. Олар «Достығы шалқыған шаңырақ» тақырыбында көрме ұйымдастыру, эссе жазу, слайд-презентация және сұрақ-жауап.
Барлық сыннан мүдірмей өткен бірлестіктердің өнеріне арнайы құрылған комиссия тең бағалап, барлық бірлестікті «Ұлттық құндылықтарды насихаттаушы», «Дәстүрді жаңғыртушы», «Рухани құндылықтарды ұлықтаушы», «Ұйымшыл бірлестік», «Шығармашлық ұжым» сияқты номинациялармен марапаттап, диплом және бағалы сыйлықтар тапсырды. Жалпы аталған байқау жоғары деңгейде өтті. Этно-мәдени бірлестіктер бір-бірімен емен-жарқын араласып, ән салып, би билеп іс-шараның көрігін қыздырды.
Ізтөлеу ТҮСІПОВ