16.10.2018, 11:20

Өз еліңді танып біл

Қазақстан халық ассамблеясының Қарағанды облысы «Қоғамдық келісім» кеңесі мен Жезқазған қаласы бизнес және көлік колледжінің ұйымдастыруымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Руханият» тарихи-танымдық этноауыл экпедициясы жұмысын сәтті бастады.

Мемлекет басшысының 5 қазан күнгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жастарға туған жердің тарихын жете білуі үшін «Өз еліңді танып біл» бағытын ұсынған болатын. Аталған экспедиция Елбасының ұсынған тың бастамасына тұспа-тұс келу өте қуанарлық іс.

Экспедицияның бірінші күні Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің аумағына іші сырты әсем әшекейленген қос кигіз үй тігілді. Ақ жаулықты кимешек киген әжелер іс- шараның көремет көркі болды. ҚХА мүшесі, Жезқазған қаласы қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Чумакова Зинаида Степановна тарихтан мысал келтіріп, Жолдаудан үзінді беріп, жастарға артылып отырған сенім мен үміттің зор екенін жеткізді. «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Изатоллақызы Қаженова, арнайы келген қонақтар туған жердің әр қиыршық тасында да тұнған тарих барын, Жезқазғанның жетістігі, оның ішінде жастардың алатын орыны мен сіз бен біз болып бүгінгі таңда атқарылатын ауқымды жұмыстар жайлы да мазмұнды мағұлымат берді.

Сонымен қатар Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің директоры Раушан Оңқонысқызы сөз алып, өзінің жылы лебізін білдіріп, экспедицияның алдағы сапарына сәттілік тіледі. Шара салт-дәстүр көрсетілумен жалғасты. Қыз ұзату. Келін түсіру. Манағы сөз басында айтылған екі киіз үйдің бірі қыз жаққа екіншісі ұл жаққа тиесілі екен. Жөн жорлағысы жасалынып қызды шығарып салса, екінші жақ келін түсірді. Бет ашар айтылды. Ақ әжелер ауылдың алты аузы деп ән салды. Ақ бата берілді. Осының бәрі қатысушылардың көз алдында ұйымдастырылып әр жасалған ырым мен салт-дәстүр түрлі ұлт өклідері жастарының ерекше қызғушылығын туғызды.

Осындан кейін, жиналғандар аталған колледж ғимаратындағы «Қоғамдық келісім» залында дөңгелек үстел басында кездесу өткізді. ҚХА мүшесі, ҚХА Қарағанды облысы бойынша төрағасының орынбасары, ҚХА Қарағанды облысы «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы облыстық саяси кеңестің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты һәм білім меценаты Бекзат Қомарұлы Алтынбеков арнайы келіп қатысып, жастарға ақыл кеңесін айтып, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Профессор Қания Саянқызы Тұрсынбаева Ұлытауды алдағы уақытта туризм орталығын ету, Жезқазған қаласының құрылу тарихы, өңіріміздегі өзекті нысандар жайлы мол мағұлымат берді. Жастар ой білдіріп, пікір алмасты.

Жастар «Қазақмыс корпарациясы» ЖШС жанындағы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы тарихи - өндірістік мұражайы мен Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайында болып, туған өлкенің тарихи шежіресімен кеңінен танысып, зор әсер алып, ұйымдастырушыларға алғыстар жеткізіп жатты.

Ізтөлеу ТҮСІПОВ