10.10.2018, 11:43

Жезқазған университетінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлт рухы» атты шара өтті

Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде «Ұлт рухы» атты жоба ұйымдастырылды. Шараны халықаралық «Жас-Ай» клиникасы «Айғақ» телеарнасымен бірлесіп өткізді. Бұл туралы Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Арман Кенжебеков баяндап берді.

Бұл жоба Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылып отыр. Кездесу оқу орнының TED залында өтті.

«Кешке қонақ ретінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі , қоғам қайраткері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш, «Жас-Ай» медицина орталығының бас ди⁠ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Халықаралық Сократ орденінің иегері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген Жасан Зекейұлы және Елбасының курстасы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Аманәлі Әбдраманов арнайы қатысты», - дейді Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Арман Кенжебеков.

Шараны университеттің «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Арман Кенжебеков жүргізіп, әрбір қонаққа ерекше ілтипатпен сөз берді. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызына ерекше тоқталып, бағдарламаның басым бағыттарын жастарға түсіндірді. Президент саясатының еліміздің дамуына ерекше ықпал етіп жатқанын айтты.

Ал ұйымдастырушылар қатарындағы «Жас-Ай» медицина орталығының бас ди⁠ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы жастарға «ұлттық рух», «ұлттық код» және «жаңғыру» ұғымдарын тарқатып айтып, кең мағлұмат берді.

«Іс-шара барысында қатысушылар «Жас-Ай» шығыс-тибеттік медицина орталығының жұмысы баяндалатын фильм тамашалады. Сондай-ақ жастар қонақтарға көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Кездесу соңында университетіміздің оқу және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Дінмұхамед Жақыпұлы Сәрсембаев қадірлі қонақтарға алғыс білдіріп, «Ұлытау» энциклопедиясын сыйға тартты», - дейді Арман Кенжебеков.