$ 498.34  519.72  4.85

Берекесі тасыған әулет

«Отан отбасынан басталады» деп анықтап берген қазақ үшін отбасы, ошақ қасы қашан да киелі. Оның мән-мағынасы мен маңызы жыл он екі айда да өзекті. Дегенмен, өркениетке қарыштап басқан елімізде соңғы жылдары осы институттың әлсіреп бара жатқандығы Отбасы күнін белгілеуге негіз болды. Мерекенің де басты мақсаты қоғамның назарын отбасындағы көптеген проблемаға аудару болып табылады. Мерейлі мереке қарсаңында ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өмірдің талай ащысы мен тұщысын көрген өнегелі отбасыларды жастарға үлгі ету мақсатында сексеннің сеңгіріне шыққан Қадыр қажы Үңгітбайұлының шаңырығында болып, бала тәрбиесіндегі отбасының ықпалы жайында әңгіме өрбіткен едік. Естеріңізге сала кетсек, Үңгітбаевтар әулеті биыл республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық айналымында жеңімпаз атанған еді.

Төрт жыл бұрын алтын тойын тойлаған Қадыр әкей мен Зүбәйрә анамыз салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, еткен еңбегі мен көркем мінезімен өзгеге өнеге боларлық үлкен әулет. Олардан өрбіген ұрпақ та өз ортасына сыйлы азамттар. Қос ұлы Мұхтар мен Мұхитты аймақ жұртшылығы Чернобыльдегі алапат апатты жоюға қатысқан батыр ретінде таныса, кенжесі Дарханды ғұмырын ұстаздыққа арнаған бала жанының бағбаны деп біледі. Ал, үкілеген қызы Жанар да қазір бір отбасының түтінін түзу түтетіп отырған Елдана, Алуа мен Кәусәр атты қыздардың анасы. Тоғыз немерені тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай өсіріп, білім мен ілімге құштар етіп ержеткізген ақсақалды ата мен ақ жаулықты әже шөберенің алды Медина, Әмина мен Дамелидің тәрбиесіне араласуда.

Ұлытау ауданына қарасты Қоскөл ауылында туған Қадыр атамыз бен Көкшенің әсем табиғатынан нәр алып өскен Зүбәйрә әжей тағдырдың жазуымен Алматыда танысты. Екеуі де – студент. Бірі – Алматы зоотехникалық институтта, екіншісі – қыздар педагогикалық институтында оқида. Бес жыл оқуды ойдағыдай аяқтаған екеуі шаңырақ көтеріп, үй болғысы-ақ келді. Дегенмен, Зүбәйрә әжейдің әкесі қатты науқастанып, хал үстінде жатқаны ғашығының соңынан кеткізбеді. Туған жеріне оралған ол мектепке жаратылыстану пәнінің мұғалімі болып орналасып, әке-шешесіне еңбек нанын жегізді. Қадыр Үңгітбайұлы да Амангелді ауылына зоотехник қызметіне алынып, еңбекке араласты. Араға жыл салып Қоскөлден Қадыр атаның әкесі бастаған топ Көкшетауға аттанып, қызды айттырады. Сөйтіп, 1964 жылдың жазында жаңа шаңырақ құрылады.

–Мен аудан орталығында сиыр мен қой көрмей өстім. Нан да сатып алынулы. Бірақ, үй болған соң, бәріне үйренесін. Айлар өткен соң, пешке нан салып, сиыр сауып кеттім. Әрине, менің енемнің көп еңбегі бар. Олар атам екеуі екі жыл қолымда болды. Екі жыл бойы мені ширатып, отбасымыздың берік болғанына көздері жеткен соң, Қоскөлге оралды,- деп өткенді сағынышпен еске алған кейуана қазіргі

қоғамдағы ажырасу мәселесін түбегейлі шешудің жолы жастардың өмірінде ата мен ененің рөлін күшейтуде жатқанын алға тартады.

–«Ерлі-зайыптының арасына ессіз ғана түседі» дегенді ескеру керек. Ата-ене жастардың ортасында дәнекерлеуші көпір іспеттес болуы қажет. Қазір балаларын үйлендіре салып, жеке шығаруға асығатындар да бар. Екі жас бір-біріне үйренісіп, жеке өмірдің ауыртпалығын алып кеткенге дейін оларға үлкендердің қолдауы мен бағыт-бағдары ауадай қажет. Осы ретте, балаларын аяқтандырып жатқан толқын бұған аса мән берсе деймін. Отбасының ішінен тігілген отау сөзсіз берік болады,- деген әжейдің ұстанымы ой саларлық.

Көргені көп, түйгені мол шаңырақ иесі Қадыр қажы да жастардың үйлене салып, мінезіміз жараспады деген желеумен екі жаққа кетуін үлкен қасірет санайды. Әрі қынжылады да. Өйткені, әке мен шеше тәрбиесін толық көрмеген баланың болашағына алаңдаулы ол.

– Бала үшін әкенің де, шешенің де орны бөлек. Ал, біреуі болмаса, ол қанаты қайрылған қарлығаштай болмай ма? Қазір отбасының қамы деп ерлер он бес күндік жұмысты шығарды. Осының салдарынан да көп шаңырақ ортасынан түсіп жатыр. Ер азамат үйіне күнбе-күн оралмағасын әрине жұбайлардың арасы суып, сыйластық жоғала бастайды. Ал, сыйластық болмаса, қиын»,- деп басын шайқаған ақсақал қартын қазынасына теңесі жоқ ұрпақтың да, ата сақалы аузына түссе-дағы ата, ақ шашын орамалмен жасырған әже болуға асықпайтындардың барын айтып қалды. Бүгінгі күні ата мен әженің тәрбиесі әлсіреп бара жатқаны жасырын емес. Бұған кінәні тек үлкендерден іздеу де бекершілік. Өйткені, баласын енесіне бақтырғысы келетін келіндер азайып бара жатыр. Бір жасына толысымен балабақша жөнелтуді құп көреді қазіргілер.

– Шама келгенше үлкендер бауыр еттерін көзден таса қылмауы керек. Қазір туған жерін, өскен ортасын тастап, арман қуып үлкен қалаларға бет алғандар көп. Мейлі, жұмыс бабымен қызметі өсіп көшсін. Ал, үй-күйсіз, болмашы жұмысты сылтауратып алыс кеткен дұрыс емес. Үлкен қалаға сіңісіп кетсе жақсы. Арысы тапқан-таянғаны ішеп-жеуіне жетпей, қартаң тартқан әке-шешесі зейнетақысынан іркіп, балама деп жіберіп жатқанды да көрдік. Ал, сол бала туған жерінде әке-шешесінің жанында қалса, жағдайы бұндай болар ма еді?! Үлкен қалада шығын да көп екені айдан анық. Екі қолға бір күрек Жезқазғаннан да табалады емес пе?!,- деген қажы бала тәрбиесінде ата-баба жолын ұстану қажеттігін тілге тиек етіп, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет таныту бүгінгі дамыған заманда басты ұстаным болмай тұрғанына налыды.

– Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы тұнып тұрған тәрбие екені бешенеден белгілі. Бұрын үлкен атаулының бәрі жастарға соңынан ерген бауырына сияқты қамқорлықпен қарап, жанашырлық танытатын. Үлкеннің бір сөзіне иланатын заман кеткелі қашан. Қазір технология дамып, ақпарат алмасуда мүмкіндік мол. «Соткаға» шұқшиып, бар жамандықты содан үйренеді бұлар. Үлкеннің ақылын керек қылып

жатқандары шамалы. Өз ақылдары өздеріне жетіп, білгенін жасайды,- деді.

«Ері тұрып, әйелі сөйлегеннен без» деген баба нақылын ұстанған Зүбәйрә әжей шаңырақтың ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағаты саналатын әйел көшбасшылыққа құмартпаса дейді.

– Ердің орны да, жолы да, жөні де бөлек. Ақылды әйел оны ұғыну керек. Отбасының тізгіні қашанда да ер азаматтың болында болуы шарт. Өкінішке қарай, ер мен әйелдің рөлдері ауысып, «әйел-асыраушы» деген ұғым пайда болды. Әйел ерінен екі-үш есе артық қаржытапсын, ол еркектікіндей берекелі болмайды. Сондықтан, әйел өзін ерінен бір саты төмен көріп, отағасын ұлы істерге жігерлендіріп, бастауы қажет,- деген әжейдің сөзінде өнеге бар.

Мәуелі ағаштай тамырын тереңге жайған Үңгітбаевтар әулетінің берекесі Қадыр ата мен Зүбәйрә әжей кенже келіні Гүлшараның қолында. Бес уақыт намазын қаза қылмай, мұсылмандық парызын орындап қажылық сапарын өтеген қос қария ұрпағының саулығын тілеп, қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласуда. Еңбек жолын Жезді ауданында зоотехниктен бастап, кент әкімі, аудан әкімінің орынбасары сынды лауазымды қызметтерді абыроймен өткерген Қадыр Үңгітбаев бүгінде қалалық қоғамдық кеңеске мүшелік етіп, Жезқазғанның өркендеуіне үлес қосуда. Ал, қырық жыл бойы шәкіртіне білім нәрін сусындатқан Зүбәйрә Садыққызының еңбегі лайықты бағаланып, кеудесіне «Қазақ КСР-нің үздік оқытушысы» медалі тағылды.

Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне әдеп-адамгершілік талаптарын серік етіп, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындағанда бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмыс орнайтынына сенімді шаңырақ иелері барша отбасыларға бақытты ғұмыр тіледі. Әр жылы өнегемен өрілген алтын тойын тойлаған отбасылар елімізде көбейе берсін...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары