23.10.2018, 09:32

Басым міндеттерді іске асыруға жұмылды

2017 жылы және биылғы жылдың тоғыз айында атқарылған партия жұмысын сараптап, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы жүктеген міндеттер мен мақсаттарды айқындау мақсатында Жезқазған қалалық филиалының ХХVI есеп беру конференциясы өтті.

Есеп беру конференциясына қаладағы барлық бастауыш партия ұйымдарынан 170 делегат сайланып, оның 167 жиынға қатысқан болатын. Конференция жұмысын бастамас бұрын жиналған делегаттардың бірауыздан «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалының төрағасы етіп қала әкімі Қайрат Бегімовті сайлады. Партияға төрағалық ету өзіне жүктелген көптің зор сенімі мен үмітін ақтаруға уәде еткен жаңа партия филиалының төрағасы есеп беру конференциясының алғашқы баяндамасы үшін сөзді «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженоваға берді.

– 2017 жылдың 3 қарашасынан бастап Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша біздің партия жаңа бағытта жұмысты қолға алды. Осы жаңашылдықтар партияның трансформациядан өту кезеңі мен жаңғыру жолының бастауы болды. Егер атқарылған жұмысқа есеп беріп, көз жүгіртер болсақ барлық шаралар «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты партияның саяси доктринасы, «Қазақстан-2020: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық.» атты сайлау алды тұғырнамасы мен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулары негізінде жүзеге асырылуда. Бүгінде еліміздің алған асулары жетерлік. Бірақ қол жеткен табыстарда тоқтап қалмай алға қарай ұмтылу, ілгерілеу әрбір нұр отандықтың, әрбір қазақстандықтың өмірлік ұстанымына айналып отыр. «Нұр Отан» партиясы – Елбасының барлық стратегиялық бастамаларын іске асыру жолындағы тірегі, басты көмекшісі. Казіргі заманда «Нұр Отан» партиясы қоғамның сұранысын қанағаттандырып, оның қажеттілігін дәл тауып отырған еліміздегі бірден – бір іргелі партиясы деп қарапайым халық баға бергені баршаңызға мәлім. Осының бәрін ескере отырып, бүгінгі партия конференциясында есеп мерзімінде атқарылған жұмысымызды талдап, партия ұйымының қалалық бөлімшесінің, әрбір партия мүшесінің алдағы міндеттерін анықтап, нақты белгілеуге тиістіміз,- деп баяндамасын бастаған Гүлмира Изатоллақызы қалалық партия филиалының жұмысына кеңірек тоқталды. Қазіргі кезде бірауыздан «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы жанында 15 бастауыш партия ұйымы бар. Оған барлығы 5395 адам мүшелік етеді. Есептік кезең ішінде партия қатары 548 мүшемен толыққан. Партия мүшелерінің қатысуымен 4 конференция мен 3 саяси кеңес бюросының отырысы, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарындағы 200-ден астам кездесу өткізілген.

Өз жұмысын ашықтық, есептік, жауапкершілік пен тиімділік сынды төрт принцип негізінде жүзеге асыратын «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы есептік кезеңде жоспарланған 18 746 709 теңге көлеміндегі мүшелік партия жарналарының 17 479 153 теңгесін жинаған. Осы ретте баяндамашы ай сайынғы жарнаны төлеу партияның басты тәртібі екенін ескертіп, Жезқазғандық бастауыш партия ұйымдарының ішінде «Мәдениет», «Дидар» мен «Ютария» облыс көлемінде үздік деп танылып жүргенін алға тартып, өзге бастауыш партия ұйымдарына жұмысты әлі де ширата түсу қажеттігін айтты.

«Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы мемлекеттік «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Денсаулық», «Нұрлы жер», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларының сәтті әрі сапалы орындалысын қадағалайды. Партияның кадрлық резервін қалыптастыр бойынша да жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Биылғы жылы қалалалық мәслихат депутаты мен Жезқазған политехникалық колледжінің директорын тағайындау сол кадрлық резерв құрамына енгендердің ішінен таңдалды. Жоспарлы түре тұрғындарды қабылдайтын қалалық филиалда сенім телефоны қызмет көретеді. Биыл сенім тлефоны арқылы хабарласқан 24 тұрғынның алтауы өз мәселесін шешіп үлгерді. Есептік кезеңде 413 қабылдау өткізіліп, 919 өтініш қаралды. Тұрғындардан келіп түскен өтініштердің басым көпшілігі жұмыспен, баспанамен қамтуға қатысты. Сонымен қатар, қала тұрғындарын коммуналдық сала қызметінің сапасыз жұмысы алаңдатса керек. Қабылдауға келген 99 тұрғын дәл осы мәселені көтерген. Қазір партияның бірынғай базасы арқылы өтінішті электронды түрде жолдауға мүмкіндік бар. Бүгінге дейін осы қызмет арқылы 9 өтініш түскен. «Нұр Отан» партиясының барлық партиялық жобаларын сәтті іске асырып отырған жезқазғандық филиалды жұмысы есеп беру конференциясында қанағаттанарлық деп бағаланды. Етеріңізге сала кетсек, партия филиалының атқарған жұмыстары маусым айында Жезқазғанға арнайы жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың да көңілінен шыққан болатын.

Сөз кезегін алған Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Светлана Жумкина, «Ютария» бастауыш партия ұйымының төрайымы Тұрсынай Ибадатова мен «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Абай Бағчай Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының басым бағыттарына тоқтала өтті.

Есеп беру конференциясының соңында «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалының төрағасы Қайрат Баяндыұлы партияның жас мүшелеріне партиялық билет тапсырды. Сондай-ақ, Сәуле Шәуенова мен Бекзат Алтынбековтың кеудесіне «Қоғам қайраткері» төсбелгісін тақты. Және белсенді нұротандықтарды Қарағанды облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасарының Алғыс хатымен марапаттады.