$ 481.84  531.33  5.07

Болашақты бағамдап, өткенді саралады

«Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының ХХ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференция жұмысына қатысу үшін сайланған 150 делегаттың 143-і келді. «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов төрағалық еткен жиынға Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов қатысты. Сонымен қатар, ХХ есеп беру-сайлау конференциясына Жезқазған, Сәтбаев қалалық мәслихат хатшылары мен қалалық, облыстық мәслихат депутаттары, партия филиалы саяси кеңесінің мүшелері мен партия белсенділері де арнайы жетті.

Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ бойынша Бауыржан Қабденұлы баяндама жасады. Оның баяндамасына «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының саяси кеңесі мен саяси кеңесі бюросының 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстары арқау болды. Дегенмен, баяндамашы өз сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталған Жолдауынан бастауды жөн көрді.

– Денсаулық, білім, мәдениет және спортқа, өскелең ұрпаққа көңіл бөлмейтін мемлекеттің болашағы жоқ. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың өз Жолдауында адам, отбасылық құндылықтар, әр азаматтың әл-ауқатын жақсартуға ерекше ден қойғаны өте маңызды. Әлеуметтік сектор көтерілмей, ел экономикасын дамыту мүмкін емес. Биылғы Жолдауда әлеуметтік салаға басымдық берудің бірден-бір себебеі де осында шығар,- деген Бауыржан Шыңғысов жиналғандарды еліміз күні бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерді еселей түсу жолында халықтың басын біріктіріп, бір ой-мақсатқа тоғыстыратын Елбасы Жолдауын орындауға шақырды. Және партияның есептік кезеңде атқарған ілкімді істерін жіпке тізді. «Нұр Отан» партиясы «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Жастар Отанға» сияқты әлеуметтік бағыттағы партиялық жобаларды іске асырып жатқаны белгілі. «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы нұротандықтар да аталған жобаларға үн қосып, оның орындалуына бір кісідей атсалысуда. Мысалы, бес жылдан бері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне Жеңіс күні мерекесі қарсаңында құрмет көрсетіліп, қомақты қаржылай сыйлық үлестіріледі. Бұл үрдіс Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш пен Қарағанды қалалары бойынша ұйымдастырылатынын айта кеткен жөн болар. Сонымен қатар, «Ардагерлер – ардағым» атты партиялық акциясы аясында елдің қазынасына айналған қарияларға айшықты мерекелерде ақ дастарқан жайылатыны тағы бар. «Жастар Отанға» атты партиялық жобасы шеңберінде жезқазғандық жастар Кеңгір жағалауын тазартуға жұмылдырылған. Бұл игі дәстүр үш жыл қатарынан жалғасын тапты. Үш ай жазда еңбек жасағы жалпы көлемі 130 шақырым болатын аумақтан 120 тонна қоқыс жинаған деген дерек келтірген Бауыржан Қабденұлы қала тұрғындары мәдениетінің төмен екеніне налыды. Ел болашағы жасатрдың білім мен ілімге құштарлығын арттыру мақсатында үздіктер слетін Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен балаларға да қарайласуды нұротандықтар басты міндеті санайды. Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында отыз баланы бастан-аяқ киіндіріп, мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен қадамы соған дәлел болса керек. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы Қарағанды филиалына көмек қолын сұрай келгендердің тілегі жерде қалмайды. Көбінесе, қала тұрғындары екі қолға бір күрек табуда жәрдем сұрайды. Осы ретте «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС құрылымдық кәсіпорындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан партия филиалы жұмысқа орналастыру мәселесін оң шешуге барынша жәрдемдесуде.

Бауыржан Шыңғысовтың есеп беру баяндамасынан соң мінберге шыққан «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров партия филиалының жұмысына оң бағасын беріп, жиындар қазақ тілінде өткізілсе деген тілегін жеткізді. Оның ұсынысын жиналғандар қолдай кетіп, «Нұр отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары келесі отырыста міндетті түрде қазақ тілінде баяндама жасауға сөз берді.

Жарыссөзде сөз алған жезқазған мыс қорыту зауытының конвертерщигі Алмат Омаров, байыту фабрикасының флотаторы Татьяна Чернова мен «Казакмыс Мэйнтенанс Сервис» ЖШС инженері, Батыс Жезқазған кенішінің кеншісі Дастан Тұрлыбеков «Нұр Отан» партиясы оның ішінде «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы әр қызметкердің өміріне араласатынын айтып, ел әлеуетін арттыруға бастайтын Елбасы Жолдауының басым бағыттарын тілге тиек етті. Әрі Жолдауда қаузалған нақты тапсырмаларды жүзеге асыруда бір кісідей атсалысуға дайын екендерін айтты.

Жылдағы дәстүр бойынша есеп беру-сайлау конференциясы партия қатарына қабылданған жаңа мүшелерге партия билетін тапсыру мен белсенді қазақмыстың «нұротандықтарын» «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасы Э.Огайдың Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлығымен марапаттау рәсімімен жалғасты. Сондай-ақ, облыстық филиалдың есеп беру – сайлау комиссиясына қатысатын 15 делегатты сайлады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары