24.10.2018, 11:30

Павлодарда белгісіз ер адам мүгедек қарт әжейді автобуста тастап кетті

Павлодарда белгісіз ер адам қарт әжейді №10 автобуста тастап кеткен. Бұл оқиға 23 қазанда болды деп жазады pavon.kz.

Зейнеткер автобустың соңғы аялдамасына дейін барған. Жүргізуші мен кондуктор қарт әжеден қайда бара жатқанын сұрағанымен, оларға еш жауап бермепті. «Біз 102 нөміріне қоңырау шалдық. Полицейлер әжейді алып кетті. Сұрағымызға жауап бере алмағанына қарағанда, құлағы естімейтін көрінеді. Адамдарға не болып бара жатыр. Тіпті ақылға кірмейтін нәрсе», – дейді №1 автопарктің директоры Ернар Қоңырханов.ІІД-нің полицейлері зейнеткердің аты-жөнін анықтап, қарт кісі Павлодар қалалық бейімдеу орталығына жеткізілген. Орталықтың директоры Серік Нұрғожин әжейді балалары бұл жерге жиі әкелетінін айтады. Соққы алғандықтан оның құлағы естімей және сөйлей алмай қалған. Бірінші топтағы мүгедек дейді. Зейнеткердің бір қызы мен екі ұлы бар екен. Олар аналарын кезектесіп өз үйлеріне алып кетіп отырады. Алайда, қарт кісінің зейнетақысын алып біткен соң, оны балалары қайтадан бейімдеу орталығына әкеп тастайтын көрінеді. Үш ай бұрын әжейді Ленин ауылында тұратын қызы өз үйіне алып кеткен. Автобусқа осы жолы сол балаларының бірі тастап кеткен болуы керек. Қазіргі уақыттта бейімдеу орталығының директоры әжейдің қызымен хабарласу үшін ауылдағы полиция учаскесімен байланыс орнатуда.