$ 444.22  476.38  4.82

Педагог болу – мәртебе

Тәуелсіздік жылдары Елбасымыз Қазақстан халқына бірнеше жолдау  жасады. Олар бірі-бірімен сабақтаса отырып, бірізділікпен стратегиялық мақсатымызды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолдарын анықтап берді.

Ал, олардың жүзеге асырылуы мемлекетіміздің табысты дамуының негізгі факторына айналды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 5 қазан күнгі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері мен ұстаздары тікелей эфирден online режимінде тыңдадық, алған әсеріміз орасан. Өйткені бұл жолдау біздің әрқайсысымыздың өмір сүру деңгейімізді жоғарылатуды қамтыды.

Сонымен бірге, біздің жоғары оқу орынымыз болашақ ұстаздарды дайындайды. Жолдауда мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуға назар аударылуы, орта білім беру жүйесінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі бірыңғай стандарт болуы шарт деп белгіленуі және жоғары білім беруде сапалы маман дайындауға қатысты талаптар қойылуы бізге жаңа міндеттер жүктейді.

Елбасымыз келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдау қажеттігін тапсыруы аса қуантты. Өйткені бұл құжатта білім беру мекемелері қызметкерлері үшін барлық игіліктер қарастырылатындықтан ұстаз мәртебесі артып, білім беру саласының өркендеуіне жол ашылады деп үміттенеміз.

Барлық жолдауларында Елбасымыз жастар мәселесіне баса назар аударады. Осы жолдауда да келесі жылды «Жастар жылы» деп атауды ұсынды, сондай-ақ жастардың мамандық таңдауда қателеспеуі керектігін баса айтты.

Ұрпақ тәрбиесінде ата-аналарымен бірге ұстаздардың алатын орыны ерекше екені баршамызға белгілі. Сонымен бірге елімізде жалғызбасты аналардың бар екені және мектептерде ұстаздық қызметін атқаратын ер азаматтардың аз екені де ақиқат. Бұл жағдайлар жас ұрпақ тәрбиесіне өз таңбасын қалдыруда. Алдағы жылдан бастап еңбекақы мөлшерінің артуы, педагог мәртебесінің Заңмен нақтылануы, жас ұрпақты  тәрбиелеуде ерекше орыны бар ер азаматтардың педагог мамандығын жаңылыспай таңдауына басымдық береді деп күтеміз.

Жастарымыз педагог болу – мәртебе деп ұғынса, ол бәсекеге және қоғамның кажеттілігі мен сұранымынан туындайтын проблемаларды шешуге  қабілетті, білімді, болашақта еліміздің тірегі бола алатын, бабаларымыз армандағандай ұрпақ тәрбиелеуге және Елбасының осы жолдауында қойылған мақсаттарды орындауға негіз болады деп сенеміз.

Байдыбекова Ерке Ізбасарқызы, п.ғ.к. доцент,
Балажанова Жұпаркүл Бекназарқызы аға оқытушы,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары