$ 498.34  519.72  4.85

Жезқазғанда «Елінің елеулі азаматтары: ұрпаққа үлгі» жобасы өтті

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында «Елінің елеулі азаматтары: ұрпаққа үлгі» жобасының VIІ кезеңі аясында көрме ұйымдастырды. Музей жобасының басты мақсаты Ұлытау–Жезқазған өңірінің дамуына және оның қалыптасуына қажырлы еңбек еткен ұлы даланың ұландарын еске алу және олардың атқарған еңбектерін насихаттау. Елеулі жандардың өнегелі жолын ел жастарына үлгі етіп, ел есінде мәңгі сақтау!

Аталған жобаның кейіпкерлері, есімдері өлке тарихында сақталып қалған төмендегідей бес тұлға:

Әбдіраман Шәмшиден Әбдіраманұлы (1937-2016 жж.). «Жер асты кен қазу кафедрасының» профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, техника ғылымдарының кандидаты, ҚР Педагогикалық ғылымдар Академиясының академигі, ҚР Жазушылар одағының «Фантастика» секциясының жетекшісі, А.Машани орталығының директоры және Халықаралық қоғамдық қорының президенті, ғалым, жазушы, «Айрықша еңбегі үшін» медалінің иегері.

Әлімбетов Әлен Бимағанбетұлы (1940-2004 жж.). Жезқазған Жолаушылар автокөлік мекемесінің озық қызметкері, Құрмет орденінің, Құрмет белгісінің, «Еңбек ардагері» медалінің, көптеген ғылыми еңбектердің авторы.

Сыздықов Әбілқас (1928-1997 жж.). Ерен Еңбек иесі, Социалистік Еңбек Ері, еңбек ардагері, Бүкілодақтық, республикалық, облыстық Социалистік жарыстардың жеңімпазы, Құрмет грамоталардың, Алғыс хаттардың, жұлдызды қалашықтағы Ю. Гагарин атындағы жүлденің иегері, Жезді ауданының құрметті азаматы.

Құрманбаев Зейдін Сәмбетұлы (1937-2011 жж.). Жезді кентінің алғашқы музыка мектебінің директоры, «Ерен еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60-65 жыл» мерекелік медальдарының, «КСРО ағарту ісінің үздігі», «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі» белгілерінің, Қазақ ССР ағарту Министрлігінің Құрмет грамоталарының иегері, Еңбек ардагері, Социалистік жарыс жеңімпазы.

Тембаев Сағынтай Қожабекұлы (1936-2011 жж.). «Еңбек ардагері», өндіріс саласының майталманы, қоғам белсендісі, «В.Лениннің туғанына-100 жыл», «Г.Жуковтың туғанына-100 жыл» медальдарының, «КСРО-ның озат құрылысшысы» төсбелгісінің иегері.

ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин Тайжанның әні «Қызыл алманы» орындап, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Асхат Сағындықов «Әке арманы» әнін орындаса, өз кезегінде филармония әншісі Перизат Несіпбаева терме орындады. Сағынтай Қожабекұлының шөбересі Әмір Сабыржанұлы «Жездісі сағынып жүр Сағынтайын» атты өлеңді оқиды. Көрме кейіпкерлерінің ұрпақтары аталарының құнды құжаттарын, кітаптарын музей қорына табыс етті.

Іс-шара барысында Жезқазған қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева, Шәмшиден Әбдіраманұлының інісі Шәмшібек Әбдіраман, Әлен Бимағанбетұлының замандасы, Еңбек ардагері Әлжаппар Әбрезов, Әлен Бимағанбетұлының ұлы Самат Әленұлы, Зейдін Сәмбетұлының замандасы, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты Өмірбек Мұқанов, Зейдін Сәмбетұлы жақтан Айгүл Сәмбетқызы, Әбілқас Сыздықовтың замандасы, Еңбек ардагері, Сәтбаев совхозының бұрынғы директоры Жұматай Қасымбеков, Әбілқас Сыздықовтың қызы, Білім ісінің үздігі Сәрсенкүл Әбілқасқызы, Сағынтай Қожабекұлының замандасы, Ұлытау азаматының құрметті азаматы, Ұлытау ауданы мәслихатының депутаты болған Шаяхмет Үмбетов, Сағынтай Қожабекұлының немересі Сабыржан Асхатұлы сөз сөйледі.

Іс-шара соңында әр отбасыға көрменің өткендігін растайтын сертификат және Елінің елеулі азаматтарын ұлықтау мақсатында арнайы дайындалған лента табыс етілді. Көрменің ашылуында көрме кейіпкерлерінің ұрпақтары, туған-туыстары, замандастары, филармония әншілері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жезқазған қаласындағы Ахмет ишан Оразайұлы атындағы мешіттің наиб-имамы Абылай Айқынұлы көрме кейіпкерлерінің рухтарына арнап, құран бағыштады. Іс-шара соңында қатысушылар естелікке суретке түстіп, риясыз көңілмен тарқасты.

Ізтөлеу ТҮСІПОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары