Баланың 5 жасқа дейінгі дамуының жеке карточкасы енді перзентханаларда таратылатын болады. Медицина саласындағы мұндай өзгерісті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНИСЕФ ұйымы бірлесе жүзеге асырды. Бұл жөнінде аталған министрліктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Сәбидің туғаннан 5 жасқа дейінгі дамуының жеке карточкасын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі. Оны дайындау барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) ұсыныстары ескерілген. Кітапшадан ата-аналар дәрігерлердің кеңестерімен танысып, сонымен қатар сәбидің бойы мен даму барысын бақылап күнделік жүргізе алады.
Алдын ала көзделгендей, перзентханаларда босанған әйелдерге таратылатын бала дамуының жеке карточкасы әрбір отбасы үшін баланың қалыпты дамуы бойынша нұсқаулыққа айналуы тиіс. Мұндай кітапшамен барлық аналарды қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, кітапшада нәрестені қалай дұрыс емізу, қай кезде және қандай уақытта қосымша тамақ беру, психикалық және физикалық қалыпты дамуы үшін қалай уқалау және гимнастика жасау қажеттігі туралы мамандардың кеңестері берілген.
Енді мұндай карточка әрбір отбасында болып, оны ата-аналар мамандардың кеңестеріне сай толтыруы тиіс. Ол ата-аналар мен медицина қызметкерлеріне бала денсаулығын, бойы мен дамуын сараптап отыруға, ауытқуларды ерте байқауға және уақытында түзетуге мүмкіндік береді.
Кітапшадағы мамандардың кеңестерін орындау дені сау бала өсіруде ата-аналар үшін өте маңызды.