03.08.2015, 05:28

Басқару жүйесі халықтың игілігіне қызмет етеді  

Фото: egov.kz

Елбасының мемлекетті әрі қарай дамыту мен нығайту бағытындағы бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамы – жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап болатын «Нұрлы жолдың» жаңа кезеңіне айналды. Бұл жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің қатарына қосылудың нақты жоспары. «100 нақты қадамның» Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылуы жайлы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңес төрағасы Берік Бекжанов баяндады.

Оның мәлімдеуінше, реформаларды жүзеге асыру — алдағы 10 немесе 15 жылға негізделген жалпыұлттық нөмірі бірінші мақсат-міндет болмақ. Бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілерге қойылған міндет – қазірден бастап нақты іске көшу. Сол үшін де Ұлт жоспарында мемлекеттік қызметшілер корпусын кәсіби және автономиялы етіп жасақтау мәселесі бірінші кезекке қойылған.

Департамент басшысының орынбасары Елбасының Ұлт жоспарында көрсеткен міндеттерін жүзеге асыруда қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Оның баяндауынша, ең алдымен  меритократия қағидатының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында аудан-қала әкімдіктері, облыстық басқармалар мен аумақтық органдардан мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша ұсыныстар жинақталып, оларды талдап, өз пікірлерін аталған реформаларды жүзеге асырумен айналысатын орталықтандырылған жұмыс комиссиясына жолдаған.

Берік Бекжанов  комиссияға жолданған ұсыныс-пікірлерді атап өтті. 

- Біріншіден, қазіргі кезде   мемлекеттік қызметке дарынды, шығармашыл, қабілетті мамандарды жинақтау қажет. Ол үшін сала мамандарын іріктеудің тәртібін күшейте түскен жөн. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталып, жалақылары жұмысының түпкі нәтижесіне байланысты өсірілуі керек. Бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылып та жатыр. Атап айтар болсақ, алдағы уақытта «Мемлекеттік қызмет» туралы жаңа заң қабылданады және сол құқықтық актіге сәйкес барлық мемлекеттік қызметшілер кешенді аттестаттаудан өтеді. Мемлекеттік қызметке түскен кезде оның кәсіби деңгейін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілеттілігін анықтайтын жаңа бағалау жүйелері енгізіледі. Бұл тестілеу және әңгімелесудің жетілдірілген түрі ретінде өткізіледі. Түптеп  келгенде мұның барлығы мемлекеттік қызметке дарынды азаматтарды іріктеп алу, олардың білімі мен біліктілігін, тұлғалық қасиеттерін дамыту және оларды тиімді басқаруды қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру үшін қажет.

Екіншіден, саяси мемлекеттік қызметшілердің бір органнан екінші органға ауысуын тоқтату қажет. Сондай-ақ, «Б» корпусындағы қызметшілер де бір мекемеден екінші мекемеге ауысарда конкурстан өтетін болады. Біздіңше, «Б» корпусындағы қызметшілерді бір мекеменің ішінде сатылық өсу кезінде де міндетті түрде ашық конкурстан өткізу керек. Яғни, мемлекеттік қызмет мекемесінде лауазымдық өсу екі кезеңнен тұратын болады. Біріншісі – мекеме ішіндегі қызметкерлер үшін. Егер осы конкурста қажетті кандидат табылмаса, екінші кезең – барлық мемлекеттік қызметшілер үшін жүргізіледі. Бірақ, қандай жағдайда болмасын, сол мекеме қызметкерлерінің жұмысқа қабылдау анализі басшылыққа алынады, -деп атап өтті ол.