Павлодарда жалғызбасты ана Лира Тасыбаева көмекке зәру. Әйел 4 баласын жалғыз асырап отыр деп жазады Nur.kz.
Әйелдің айтуынша, үшемнің біреуі сал ауруына шалдыққан. Оның күтімі мен дәрілеріне ақша жетпейді. «Күйеуім түрмеде жатқандықтан бізге көмектесе алмайды. Қыздарымның есімі Айлана, Айсара, Айзере және Айзада. Үлкен қызым 4 жаста. Ал үшемді 2015 жылы босандым. Алғашында бәрі жақсы болатын. Бірақ бірнеше айдан кейін мен Айзеренің дамуы бәсең екенін байқадым. Сөйтіп дәрігерлерге барғанымда олар денсаулығында кінәрат жоқ деп қайтарып жіберді. Бірақ өзім үйде массаж жасап жүрдім. Ол өздігінен тамақ жей, қасық та ұстай алмайтын. Сыңарлары еңбектей бастағанда Айзере қозғалыссыз отыратын. Кейіннен дәрігерге тағы барғанымда бізге сал ауруы деген диагноз қойды», – дейді Лира. Жақында Айзеренің басына МРТ жасалған. Өмір сүруіне мүмкіндік бар болғанымен, сәбиде ақ қан ауруы бары анықталыпты. «Айзере айтқан сөзімді түсінеді, естиді. Бірақ басын өз еркімен қозғалта алмайды. Оған арнайы массаж жасау керек. Сондай-ақ, ем-домдары бар алатын. Осының барлығына ақша керек. Мен қызымның кәдімгі сәбилер секілді өмір сүргенін қалаймын. Қазір өз еркімен тамақ жей алатын болды. Бірақ ем алсақ, барлық қиындықты жеңеміз деп сенемін. Сол үшін де көпшіліктен көмек сұрап отырмын. Ай сайын мемлекеттен 10 мың теңге аламын. Сондай-ақ, Айзеренің мүгедектігіне байланысты зейнетақы аламын. Барлығын қосқанда 70 мың теңгемен бір отбасы өмір сүріп отырмыз», – дейді жалғызбасты ана. Қазіргі уақытта Лираға анасы көмек көрсетіп отыр. Айзере екеуі ауруханаға жатқан уақытта ол келіп қыздарын қарап береді екен.