Құқық қорғаушы Дина Смаилованың «Зорлықтың шынайы статистикасы» акциясы аясында қазақстандық әйелдер өз оқиғаларымен бөлісуде деп жазады Newtimes.kz.
Солардың бірі - қазақстандық подполковник, ол өз сырын ақтарды. Айтуынша, полицей әйелді өз курстасы зорлап тастапты. Бұл туралы әйел әлі күнге дейін ешкімге тіс жармаған.«Мен де зорлаудың құрбанына айналған әйелмін. Қазір 41 жастамын, ұлым бар, күйеуіммен ажырасқанмын. ІІМ-ның академиясында оқып жүргенімде курстасым, яғни, болашақ полиция офицері мені зорлап тастады. Қай қалада екенін айтпай-ақ қойғаным дұрыс болар. Біз құрбым екеуміз оқуға жақын жерден пәтер жалдап тұратынбыз. Курстағы жігіттер бір күні бізге үйге қонаққа келді. Олар шәй ішіп болған соң бізге шарап әкелетін болып шешті. Солтүстіктің жігіттері болғандықтан да сескене қоймадық, келісе кеттік. Алайда, тек шарап қана емес, бір бөтелке арақ та алған. Оны досы екеуі бөліп ішіп алды. Бір уақытта курстасым мені биге шақырды. Ойымда ештеңе жоқ, вальс биледік. Алайда, ол мені сүйіп бастаған соң, қарсылық білдірдім. Досы мен құрбым оны тоқтатқысы келгенімен, оларды да тыңдаған жоқ. Керісінше, басқа бөлмеге баруларын өтінді. Олар да ештеңе болмағандай, мені тастап шығып кетті», – дейді әйел.Артынша, курстасы бойжеткенді жерге жатқызып, зорлай бастаған. Не досы, не құрбысы да көмекке келмепті. Ісін бітірген соң, екі жігіт үндеместен кетіп қалған. «Менің жерде жатқанымды көрген құрбым жылап жіберді. Оған ештеңе айта алмадым. Кімге барып айтатынымды да білмедім. Бір қалада жалғызбын. Айтайын десем, оқудан шығарып жіберетіндей болды. Бірнеше күн бойы үйден шықпадым. Оқуға да бармадым. Кейіннен пәтерден көшіп кеттім. Маған көмектеспегені үшін құрбымды кешіре алмадым. Оқуды бітірген соң тұрмысқа шықтым. Бірақ күйеуім «бірінші еркегің кім болды» деп көп сұрайтын. Оның туысқандарымен ара-қатынасым дұрыс болмады, 7 жылдан кейін біз ажырасып кеттік. Ал мені зорлап тастаған курстасым және оның досы жайында еш хабарым жоқ. Тек оқуды бітірген соң өздерінің қалаларына кеткенін білемін. Ал құрбым болса Астанада тұрады екен. Қызметте отырғанын естідім. Қазір сол оқиғадан кейін курстастарымның ешқайсысымен араласпаймын, олар туралы ештеңе естігім келмейді», – дейді подполковник.Қазір өзі құқық қорғау органында жұмыс істеп жүрген әйел зорлық-зомбылық құрбандарының арыз жазбауының себебін жақсы түсінетінін айтады. Өйткені мұндай жағдайды өзі де басынан кешірген. Бірақ зорлық-зомбылықты тоқтатудың амалын табу керек дейді.«Ол кезде менің жасым 19-да еді. Отбасым әлі күнге мені зорлап тастағаны жайында білмейді. Қазір өзімді сол жағдайдан қалай алып шыққаныма таң қаламын. Егер полиция қызметкерлерінің өзі осындай әрекет істесе, онда басқасынан не күтуге болады? », – дейді зорлаудың құрбаны болған әйел.