$ 498.34  519.72  4.85

Оралдық қоғамдық ұйымдар Жапониядан грант алып, медицина саласын дамытпақ

Орал қаласындағы «Арба» және «Бәйтерек» қоғамдық бірлестіктері жапондық «Корни травы» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алулары мүмкін.

14 қараша күні Ақ Жайық өңіріне жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасындағы Жапония атташесі Юма Танака мен «Корни травы» қайтарымсыз гранттық бағдарламасының үйлестірушісі Жанар Амантай келген еді. Олармен кездескен БҚО әкімі Алтай Көлгінов мүгедек жандармен, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтырумен айналысатын аталмыш қоғамдық бірлестіктерге қайтарымсыз грант бөлу мүмкіндігі қарастырылса деген тілегін жеткізді.

Жанар Амантайдың сөзіне қарағанда, «Kusanone-Корни травы» – қарапайым адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін үкіметтік емес ұйымдарға, мектептерге, медициналық және басқа мекемелерге тегін қаржылық көмек көрсетуге арналған Жапония үкіметінің бағдарламасы. 1997 жылдан бастап Қазақстан Республикасында жалпы құны 6,035 млн. АҚШ долларына жуық 92 әлеуметтік жобаны қолдаған. Аталмыш бағдарламаға жеке тұлғалар мен коммерциялық ұйымдар қатыса алмайды, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдарға, сондай-ақ, жергілікті билік пен медициналық мекемелерге басымдық беріледі.

2014 жылы аталған бағдарлама аясында БҚО-ның Бөкейорда аудандық орталық ауруханасына қажетті құны 97 мың АҚШ долларынан асатын заманауи рентген-аппарат, ашық реанимация жүйесі, қос бірдей электрокардиограф сияқты 11 түрлі медициналық құрал-жабдықты сатып алуға қайтарымсыз грант бөлінген еді. Енді Жаңақала аудандық орталық ауруханасы «Корни травы» бадарламасына өз құжаттарын жолдап отыр. Ауданда онкологиялық ауруларға, ас қорыту жолдары ауруларына шалдыққандар саны азаймай отырғанын алға тартқан жаңақалық ақ желеңділер жапондық бағдарламаның мүмкіндігіне сүйеніп, науқастарды емдеуде аса қажетті бейнегастроскоп қондырғысы мен эндоскопиялық жүйені сатып алуға үміттеніп отыр.

- Жапон елшілігінің өкілі мен «Корни травы» қайтарымсыз гранттық бағдарламасының үйлестірушісі біздің орталықта болып, біздегі балалармен танысып, оларға жасалып жатқан жағдайды көрді. Бізге грант алу үшін жақсылап жоба дайындап жіберуге өз ой-пікірлерін білдірді. Соған орай мүгедек балаларды сауықтыру үшін қажет жағдай туғызу бағытында жоба жасап, жолдауды жоспарлап отырмыз, - дейді «Бәйтерек» ұйымының жетекшісі Меруерт Санкаева.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары