Ақтөбелік зейнеткер Раиса Мануилова дәрігерлердің үстінен шағымданып, «Актобе Таймс» редакциясына келген. Ол бір аяғы жоқ күйеуіне мүгедектіктің I тобын алып бере алмай жүр екен.
Зейнеткердің күйеуі Юрий Мануилов соңғы бірнеше жылдан бері ауыр сырқаттанған. Екеуі де үшінші топтағы мүгедектер екен.
- Күйеуімде өндірістік жарақат бар. Сондықтан бізді екеумізді де №1 емханаға тіркеген. Ол Семейде әскери борышын өтеп келгендіктен екеумізді ардагерлер емханасына қайта тіркеді. Бізге ол жерде ыңғайлы еді, алайда, бұл клиника №6 емхананың қарауына өтіп, бізді сонда ауыстырды. Не үшін екенін түсіне алмадық. Ол жақта менің күйеуімнің сырқатын емдей алатын мамандар да жоқ. Біраз уақыт өткен соң емханадағылар бізді ашық түрде жақтырмайтындығын білдіре бастады. Мүлдем қарамауды шығарды, үйге дәрігерді ұрысып жүріп әрең шақырамыз, күйеуім ауырып жатыр дегенге сенбейді, - дейді Раиса Мануилова.
Ауру салдарынан дәрігерлер Юрий Мануиловтың аяғындағы екі саусағын кесіп алады. Алайда, қан айналымының дұрыс болмауынан артынша тағы ота жасалып, қарияның аяғы тізеден төмен тағы кесіледі.
- Әрбір сағатымыз санаулы еді, күйеуім сәл кешіксе өліп қалуы да мүмкін еді. Бізді жедел жәрдем көлігімен алып бара жатқаннан қорлық көрсетті дәрігерлер. Аяғына байлаған бинттері шұбатылып жерде жатты былғанып. Дәрігерлер болса күліп: "ата, бір аяқта тұрыңыз, бір аяғыңыз сау ғой" деп кекетті. Ал, ауруханадан шығатын кезде күйеуімді көлікке дейін отырғызып жіберетін адам таппай қалдым. Оның бір аяғы жоқ қой, дәрігерлер жедел жәрдем көлігімен үйге дейін әкеп тастау керек болатын. Алайда, көмектесетін бірде-бір адам таппадым. Ақыры болмаған соң такси жалдап, такси жүргізушісіне өтіндім. Ол көлігіне дейін көтеріп апарып отырғызды. Сосын үйге кіргізер кезде тағы басқа адамдар көмектесті, - деп көзіне жас алды зейнеткер.
Үйге оралғаннан кейін қарияларды нағыз қиындық күтіп тұрған еді. Өздігімен жүре алмайтын Юрий Мануилов жиі құлап, әйелі болса оны көтеріп тұрғыза алмайды екен. Ауруханаға телефон соқса дәрігерлер "ондай қызмет түрін көрсетпейміз" деп қысқа қайырады.
- Болмаған соң төтенше жағдайлар қызметіне хабарластым. Олар да көмектеспейтіндерін айтты. Өртеніп жатқан үйден адам емес, мысықты құтқарып жатады ғой солар, неге менің күйеуіме келгенде бәрі теріс айналады? Мұндай құтқарушылардың бізге не керегі бар ендеше? - деп ашынды Раиса Мануилова.
Қазір Юрий Мануилов үшінші топтағы мүгедек. Аяғы болмағандықтан оған бірінші топ берілуі тиіс. Алайда, бір жылдан бері қарттар осынау бір жапырақ қағазға қол жеткізе алмай келеді.
- Соңғы бір айдың ішінде мен он рет бардым ауруханаға. Мүгедектік тобын ауыстыру үшін дәрігерлер анықтама берулері керек. Алайда, олар бермейді. Үшінші топ деген жұмысқа жарамды дегенді білдіреді. Демек, менің бір аяғы жоқ күйеуімді жұмысқа жеккілері кеп отқан шығар бұлар?! Дәрігерлер 4 ай бақылауымыз керек, сосын барып ойланып көреміз дейді. Сонда нені бақыламақшы, аяғы жоқ екені көрініп тұр емес пе? - дейді шарасыз зейнеткер.