23.12.2018, 05:35

СҚО-да отағасын жоқтап отқан бүтін бір отбасы газдан уланып қайтыс болды

Солтүстік Қазақстан облысында бір отбасының төрт бірдей мүшесі улы газдан қайтыс болды деп жазады Петропавловск.news. Бесінші адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері хабарлағандай, қайғылы оқиға 21 желтоқсан күні Буденное ауылында болған. Жергілікті тұрғындар үй ішінен ес-түссіз жатқан 5 адамның денесін тауып алыпты. Олардың төртеуі қайтыс болған, бәрі де бір отбасының мүшелері: әйел мен оның ұлы, қызы және келіні. Ал, бесінші адам - 66 жастағы көршісі болып шықты. Ол ауруханаға жеткізілген.

Белгілі болғандай, үйдің отағасы осы қайғылы оқиғадан бірер күн бұрын ғана ауыр сырқаттан қайтыс болған екен. Оны туыстары әлі жерлеп те үлгермеген. 

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері улануға пештің дұрыс жанбауы себеп болған дегенді айтып отыр. Енді олар марқұмдарды жерлеу үшін олардың өзге туыстарын іздестіруде.