Алматыдағы Көк базардың барлық сауда нүктелерін аралап шыққан Азаттық тілшісі тек қана Түркия, Қырғызстан және Қытай киімдерін таба алды.
«Сатып алушылар арзан киім іздесе олар Қырғызстанның немесе Қытайдың киімдерін алады. Ал қымбатын қаласа, таңдауы Түркия еліне түседі. Мен Түркияның киімдерін сатып аламын. Нарықта алты жыл болсам да, маған отандық киім ұсынғандар болмады», – дейді сатушы.
Тігін цехының қожайыны Насим де тұрғындар отандық киімдерді сатып алуға құлықсыз деп санайды екен.
«Неге екенін білмеймін, бірақ Қазақстанда жасалған деп айтсаң болды сатушылар ат-тонын ала қашып, киімді алудан бас тартады. Оларға Қытай мен Қырғызстанның киімін сатқан тиімдірек. Бірақ не себепті екенін әлі де түсінбеймін», – дейді Насим.
Алайда, отандық киімге ешкім қызықпайды дегенмен келіспейтіндер де бар. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының тігін компаниясындағы менеджер Жанар Сәрсенбаева олардың өнімі осы жылдың жазынан бері жақсы сатылып жатқанын айтуда.
«Біз ерлерге арналған костюмдер мен шалбарлар, балаларға мектеп формасын тігеміз. Доллар бағамы өскеніне қарамастан, біздің киімдердің құны өзгеріссіз қалды. Бәлкім содан болар, сауда жақсы жүріп жатыр», – дейді Сәрсенбаева.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 11 ақпанында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев елді отандық тауарлар алып, кәсіпкерлерді қолдауға шақырды. Ол «Қазақстанда жасалған» акциясын бастап, отандық тауарларды жарнамалау қажеттігін айтқан болатын.
17 қыркүйекте Атырауда облыс әкімдерімен кездескен президент қазақстандық өнімді тағы да сөз етті. Ол өзін “қазақстандық өнімнің жарнамалаушысы” атап, отандық киім киіп келген болатын.
«Менің үстімдегі костюм қазақстандық, туфли де қазақстандық. Біздің жеңіл өнеркәсіпті осылай жарнамалаймыз», – дейді Назарбаев.
Елбасының осы сөзінен кейін отандық костюм кигендер сены сәл де болса көбейген секілді. Солардың бірі Шымкент облысының әкімі.