$ 494.87  520.65  4.91

Байқоңыр мен Мәскеу арасына қатынайтын ұшақ тоқтатылды

Ресей Қазақстаннан жалға алған Байқоңыр ғарыш айлағы мен Мәскеу арасында әуе тасымалы қызметін көрсететін «Алроса»  компаниясының тұрақты ұшақ байланысы тоқтап қалды. Бұл туралы РИА «Новости» агенттігі хабарлады. Ресейлік әуе компаниясы өткен жылдың соңынан бастап екі қалаға жолаушы тасымалдап келген.

Қызылорда облысындағы Байқоңыр қаласынан бес шақырым жерде орналасқан Крайний әуежайы биылғы жыл басынан бері тек тұрақты емес әуе рейстерін қабылдайды. Олар Байқоңырға ғарыш саласы мамандары, ғарышкерлер мен құрал-жабдықтар жеткізеді деп хабарлайды агенттік.

Крайний әуежайы Ресей 2050 жылға дейін Қазақстаннан жылына 115 миллион доллар төлеп жалға алып отырған Байқоңыр ғарыш кешені құрамына кіреді. Бұған дейін ресейлік «Коммерсант» басылымы Мәскеу мен Байқоңыр арасында 1970 жылдардан бастап тұрақты әуе байланысы болғанын жазған еді. СССР тарағаннан кейін Байқоңырға әр жылдары «Внуковские авиалинии», «Домодедовские авиалинии», «Карат», «Тұлпар Эйр», «Уральские авиалинии» және «Алроса» компанияларының ұшақтары қатынайтын.

2015 жылы Крайний әуежайының ұшу алаңын қазіргі заманғы ұшақтарды қабылдауға ыңғайлап қайта жөндеуге 1,2 миллиард рубль жұмсалған. Қазір Мәскеумен тұрақты әуе байланысы бар ең жақын әуежай Байқоңырдан 250 шақырым жердегі Қызылорда қаласында орналасқан.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары