12.10.2015, 09:19

Жұмановаға шабуылды ІІМ бақылауға алды

www.azattyq.org

Журналист, блогер Бота Жұманованы соққыға жығу оқиғасын тергеу ішкі істер министрлігінің бақылауына алынды деп хабарлады бүгін министрліктің баспасөз қызметі.

Министрлік журналистің соққыға жығылуына қатысты қылмыстық кодекстің «бұзақылық» бабы бойынша тергеу басталғанын айтады.

Сенбі күні интернетте «Бота Жұмановаға шабуыл» деген атпен видео тараған. Онда түнгі мезгілде үйдің есігін ашып жатқан әйел адамды жас жігіттің ұрып кеткені түсіп қалған.

«Бұған дейін жіберілген жол-патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлар экипажы көшелер мен үйлердің кіреберістерін қарап шықты. Сотқа дейінгі тергеу кезінде үйдің кіреберісіне орнатылған камераның видеожазбасы алынды, одан күдіктінің түрін көруге болады және тиісті шаралар қолға алынды. Қазір жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, күдіктінің кім екені анықтау және ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген ҚР ІІМ хабарламасында.

Бұған дейін алматылық бизнесмен Ерлан Нұрпейісов Жұмановаға шабуыл жасаған адамды ұстауға жәрдемдесетін ақпаратқа арнайы сыйақы беретінін мәлімдеген.

«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымының дерегінше, Бота Жұманова - 2000 жылдан бері Қазақстанда шабуылға ұшыраған 250-журналист.