$ 498.34  519.72  4.85

БҚО-да білім беру саласына басымдық берілуде

Батыс Қазақстан облысында биылғы білім беру бюджеті 41,6 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл туралы «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлану» деген тақырыпта өткен білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде айтылды.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселесін шешу міндетін қойғаны мәлім. Осыған орай Батыс Қазақстан облысында да тиісті жұмыстар атқарылып, бес жаңа мектеп тұрғызып, тағы бесеуін күрделі жөндеу есебінен бұл мәселе толық шешілді. Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 293,1 млн. теңгеге бес білім ордасына күрделі жөндеу жүргізілсе, республикалық бюджет есебінен 1800 орындық жаңа екі мектеп өз есігін айқара ашпақ. Қалған үш мектеп жергілікті қазына есебінен бой көтерді. Дегенмен қазіргі таңда облыста 391 мектеп болса, соның 154-і бейімделген ғимараттарда орналасқан. Сондықтан мүмкіндігіне қарай жаңа үлгі жобадағы мектептер салу ісі жалғасады. Облыста 14 мектеп Елбасы тапсырмасына сәйкес жекелеген пәндерді үш тілде оқытуға көшті. БҚО биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орынды еншіледі. Әйтсе де орташа балл көрсеткіші жоғарылағанмен, түлектердің ҰБТ-ға қатысуы жыл санап төмендеп келеді. Бұл - аудандар мен қала әкімдері, білім беру бөлімдерінің басшылары, ұстаздар мектеп түлектерінің ҰБТ-ға қатысу көрсеткішін арттыру үшін оқу сапасына барынша көңіл бөліп, түсінік жұмыстарын кеңінен жүргізуі қажет деген сөз. Мектептерде компьютер жетіспеушілігін шешу, кең жолақты ғаламтормен қамту да күн тәртібінен түспейді.

Облыста 465 мектепке дейінгі мекемеде 28 мың балдырған тәрбиеленуде. Мектепалды даярлықпен қамту көрсеткіші 97,5 пайыз болғанымен, 19 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тіркелген. Бұл мәселені шешу мақсатында өткен жылы 485 орындық төрт балабақша пайдалануға берілсе, биыл Жәнібек ауданы орталығында шетелдік инвестиция есебінен 290 орындық бөбекжай іске қосылды. Оралға қарасты Зачаган кентінде 200 орындық жеке балабақша құрылысы аяқталып қалса, Шыңғырлау ауданы орталығында «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 290 орындық бөбекжай салынуда. Сондай-ақ Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында 140 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде.

Өзекті мәселенің бірі бірыңғай мектеп киімімен қамту болса, жаңа оқу жылында облыстың жеті ауданында  1-сынып оқушылары осындай үлгімен барғалы отыр. Қалған аудандар мен Орал қаласында ата-аналар өздері сатып алады. Бұл жерде де ақылдасып шешетін мәселе жоқ емес.

Облыста балалар арасында өзіне-өзі қол салудың көбеюі алаңдатпай қоймайды. Өткен жылдың сегіз айында сегіз жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсаса, биыл осындай 12 әрекеттің бесеуі қайғылы оқиғамен аяқталды. Балаларға білім беріп қою аз, олардың тәрбиесіне ден қойып, ішкі жан дүниесіне үңіле білу қажет.

Оқушылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу үшін мектеп инспекторларын көбейту керек. Күні бүгін облыс мектептерінде 47 инспектор жұмыс жасайды, бұл аз, әлі 100 инспектор қажет. Бұл үшін 170 млн. теңге бөлуді қарастыру керек.

Білім саласының жетістіктері мен олқы тұстары сараланған жиын барысында озат ұстаздар мен мекемелер марапатталды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#білім #БҚО