20.10.2015, 04:06

1000 теңге парамен құтылмақ болған тұрғын, 400 мың теңге айыппұлға тұтылды

kivvi.kz

Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны полиция қызметкеріне пара беремін басы бәлеге қалды. «ҚазАқпарат»таратқан мәліметте оқиға Мақтарал ауданында орын алғаны жазылған.

Жол-патрульдік полиция қызметкері аудан орталығы Жетісайдағы көшелердің бірінде «Фольксваген-Пассат» маркалы көлікті тоқтатады. Жүргізуші мемлекеттік нөмірсіз және жарығын сөндіріп келе жатқан көлікті тізгіндеген. Бір қызығы, тәртіп сақшылары құқық бұзушылық туралы хаттама толтыра бастағанда 32 жастағы жүргізуші мән-жайды ақшамен шешуге кіріседі. Хаттаманы толтырмауы үшін құқық қорғау қызметкеріне 1000 теңге көлемінде пара бермек болады. Полицей тәртіп бұзушыға бұл әрекеті үшін жазаға тартылатынын ескерткен. Бұл оқиға бейнетаспаға түскен. Сот шешімімен жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676-бабымен жауапқа тартылды. Яғни, «Заңды тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы ұсыну» бабы бойынша оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Енді 1000 теңге пара бермек болған жүргізуші 400 мың теңгеге жуық айыппұл төлеуі тиіс.