Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева «The Эфир» бағдарламасына сұхбат беріп, отбасындағы ене мен келін арасындағы қарым-қатынасқа байланысты көзқарасымен бөлісті.
Айтыстың аққуы атанған Айнұр өзіне қыз-келіншектердің әлеуметтік желіге сауал жолдап, кеңес сұрайтынын айтады.
«Бір қыз маған әлеуметтік желіге жазды. Білесіз бе, мен өте бақытсызбын. Себебі, менің енем мені жек көреді. Оның бар арманы менен құтылу.Ол маған жаман сөз айтады, ол маған күн бермейді. Бірақ, мен ажырасқанда не істеймін, балам да жоқ. Ажырасқым келмейді, бөлек тұруға мүмкіндік жоқ», - деген келіншекке айтыскер енесімен татуласып, енесін жақсы көруге шақырғанын айтады.
Айтыскер ақын ененің сөзі өтімді екенін, егер қуып шыққысы келсе, ол оны істей алатынын айта келе, өзі жақсы көрмесе, енесі келінді қалай жақсы көруі мүмкін деген сұрақ қойған. Күйеуін сүйетін, отбасынан кеткісі келмейтін келіндерге отбасын сақтап қалғысы келсе, енесін жақсы көріп, сыйлауға кеңес берген.
«Мен үйден кетсем, енем маған қашан келесің, саған шай дайындап, күтіп отырмын дейді», - деп кейін сол келіншек Айнұрға берген кеңесі үшін алғысын жаудырған.
Айта кетейік, белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін «The Эфир» бағдарламасы еліміздің өнер қайраткерлері, шоу-бизнес өкілдерінің жеке өмірі мен шығармашылық жолындағы қызықты сәттерден сыр шертеді.