Нұр-Сұлтан қаласында көпқабатты тұрғын үйде болған өрттен 5 адам зардап шекті, оның төртеуі - балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«28 сәуір күні сағат 09.58-де «101» Орталық пунктіне Ш.Құдайбердіұлы 17/6 мекенжайындағы өрт туралы хабарлама түсті. Өрт сөндіру қызметінің бөлімшелері 6 минуттан кейін жетіп, 9 қабатты тұрғын үйдегі пәтердің жатын бөлмесінде жиһаздар, төбе жабындысы жанып жатқанын анықтады. Жалын шарпыған аумақ 8 шаршы метрді құрады. Өрт сағат 10.10-да ауыздықталды», - делінген қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Оқиға салдарынан 31 жастағы әйел, 7 жасар ұл бала, 2 және 5 жастағы үш қыз бала көмірқышқыл газына уланып, ауруханаға жеткізілді.
«Өрттің шығу себебі анықталуда. Барлығы 7 техника мен жеке құрамның 26 адамы жұмылдырылды», - деді ТЖД-дан.