$ 494.87  520.65  4.91

Жеңіске - 74 жыл

Бүгін адамзат тарихындағы ең алапат соғыстың аяқталғанына 74 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СССР үшін алапат соғыс тоқтаусыз 5 жылға, яғни 1 418 күнге созылды. Сұрапыл соғысқа Совет одағының құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Жалпы, 1939 жылдың қыркүйегінде басталған Екінші дүниежүзілік соғыс оты әлемнің 57 елін шарпып, әртүрлі деректер бойынша 50-ден 80 миллионға дейін адам өмірін жалмап кеткен. 

Соңғы деректерге сүйенсек, соғыс жылдары СССР-ден 27 миллион құрбан болған. Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам майданға аттанып, оның тең жартысы оралмады. Қазақстаннан аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Совет одағының Батыры атанды. Оның 100-ден астамы - қазақтар. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары - 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Совет одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Кожедуб үш мәрте Кеңес одағының Батыры атағын иеленді.

Қазақтың қайсар қыздарының есімі де тарих тақтасында өшпестей жазылып қалды. Шығыстан шыққан қос жұлдыз - пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова да осы жоғары атаққа лайықты деп танылған еді. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Совет одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. 

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан одақтас республикалардың бірі ретінде қатысты. Шайқас кезінде елдің түкпір-түкпірінде әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылып жатқан еді. Қазақстан жауынгерлері совет-герман майданының шешуші шайқастарында жасындай жарқылдады. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді.

Қазақстанда Жеңіс жылдағы дәстүр бойынша аталып өтеді. Ертең, Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қою рәсімі өтеді.

Бұл күні соғыс ардагерлеріне де көрсетілер құрмет ерекше болмақ. Әр өңірде соғыс ардагерлеріне ақшалай сыйақы табысталады. Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне бір реттік көмек беру үшін бюджеттен биыл 2,3 млрд теңге бөлініп отыр. 

Қазақстанда қазіргі таңда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 1 400-ден астам ардагер бар.

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары