– Бұл мерекенің Шымқала үшін маңызы ерекше. Өйткені біздің Шымкент – жасыл желекке оранған, көгалды қала. Біз әр жылы 100 мыңға жуық ағаш, 2 миллионнан астам гүл егеміз. 11 саябағымыз бар. Биыл 40 жыл толғалы отырған Дендросаябаққа қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Бұл – тарихи сәт, – деді қала әкімі құттықтау сөзінде.
Шаһар басшысы қаланың әрбір тұрғынын ағаш егіп, оны күтіп-баптауға шақырды. "Әр адам үшін 1 жылда 1 ағаш егілсе, 1 миллион ағаш өсіп, қаланы көгалдандыруға үлес қосар еді. Алла тағала сол ағаштарды біздің ұрпағымызға аман-есен жеткізсін".
Саябақтың сахнасында экологиялық орталықтың, мектеп пен балабақшаның қатысуымен мерекелік концерт өтті. Табиғат жанашырларына алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табыс етілді. Сондай-ақ саябақта "Шымкент Плаза" сауда орталығының демеушілігімен балалар алаңшасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
«SN.kz»-ақпарат.