— Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!
Сіздерді Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болуына 1 жыл толуымен құттықтаймын. Еліміздің оңтүстік өңіріндегі көпғасырлық тарихы, миллионнан астам тұрғыны бар, адамдардың өмір сүруіне қолайлы әрі жасыл желегі мол бұл қала барша қазақстандықтардың жүрегіне жақын әрі ерекше ыстық.
Шымкент ел тәуелсіздігі жылдарында жоғары қарқынмен дамып, көркейе түсті. Бүгінде ол бүкіл Еуразия мемлекеттерінің халықтарына жақсы таныс әрі сүйікті мегаполиске, білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің ордасына айналып отыр. Осы кезеңде қалада көптеген кең көшелер мен даңғылдар, сәулетті тұрғын үй кешендері мен әкімшілік ғимараттары салынып, еңселі ескерткіштер бой көтерді. Қалада шағын және орта бизнес жақсы дамыған.
Қала қонақтары арасында Шымкент тұрғындарының ашық-жарқындығы, қонақжайлылығы мен еңбексүйгіштігі жөнінде өте жылы пікір қалыптасқан. Мұның өзі қалаға инвестиция тарту мен туризмді дамыту келешегінің кемел екендігін көрсетеді.
Бүгінде дербес даму жолына түскен еліміздегі үшінші ірі мегаполис алдағы кезде де өзінің өрлеу қарқынын арттыра отырып, ел экономикасының өркендеуіне қомақты үлес қосатын қуатты донор қалалардың біріне айналады деп ойлаймын.
Мен Шымкент ғылым мен техниканың жетістіктеріне сүйене отырып дамитын сүйікті шаһар, құтты мекен болып қала беретініне кәміл сенемін.
Баршаңызға зор денсаулық пен бақыт, жарқын болашақ тілеймін.
«SN.kz» - ақпарат»