21.06.2019, 16:14

Шымкент: Жауапты мамандар лагерьлерді зерделеп, демалушы балғындардың жағдайымен танысты

Шымкент қалалық білім басқармасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Жобалық кеңсенің сараптамалық тобы, қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы өкілдері қалалық білім басқармасына қарасты «Ақсу», «Арман» «Ерке», «Үшбұлақ» лагерьлерінде зерделеумен қатар демалушы балғындардың жағдайымен танысып қайтқан болатын. Жанға жайлы, ауасы керемет тау етегінде ораласқан «Ақсу» лагерін Наталя Романова басқарып отыр. «Ақсу» жазғы сауықтыру лагері 200 балаға шақталса, Ал «Арман», «Ерке», «Үшбұлақ» лагерьлерінде орын 250 балаға дейін қарастырылған.

Демалушы оқушылар үшін лагерьдегі демалыс уақыты 10 күнді қамтиды. Мұнда негізінен көп балалы, жартылай жетім және аз қамтылған отбасы балалары демалуда. Демалушылар 7 топқа бөлінген, әр топтың өз жетекшілері мен тәрбиешілері бар. 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген әрі медициналық пункт те жұмыс істейді. Басты назарда – балалардың қауіпсіздігі, аталмыш демалыс аймағында екі инспектор қамтылған. Ауысыммен жұмыс уақытын белгілеп алған тәртіп сақшылары күндіз-түні балалардың қауіпсіздігін бақылауда. Мұндағы ауыз толтырып айтарлықтай демалыс, таза ауа, жайдары көңіл-күй, сергектік балаларға күш-қуат сыйлап, жаңа оқу жылына бар ынта-жігерімен кірісуге септігін тигізері сөзсіз.

Лагерь ұжымының жұмысымен танысқан «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері ұжымға тексерушілерге немесе іссапармен келген тұлғалардың іссапар шығыстарын өтеу, оларға арнап дастарқан жаю немесе көңіл көтеру шараларын ұйымдастыруға тыйым салынатындығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы парақшалар таратты. Сонымен қатар лагерьдегі оқушылар арасында адалдық, парасаттылық, өмірдегі әділдіктің орны мен маңызы туралы түсіндіріліп, ойындар ойнатылды. 

Аталған мекеме қызметкерлері лагерьлердің бүгінгі күйімен танысып, демалушы оқушылармен тілдесті. Сондай-ақ лагерь асханалары мен демалу бөлмелерін, тамақтану барысын көріп шықты. Тек шомылу маусымына әлі уақыт бар. Алайда тексеруші топ аралаған нысандардағы бассейндер тазалығына ерекше көңіл бөліп, аралап шықты.

«SN.kz»-ақпарат.