$ 446.49  475.38  4.79

«Қазақстан үкіметі адам саудасын жоюдың ең төменгі стандарттарына да сай келмейді» - АҚШ

Былтырғы жылғы ІІМ-нің «Стоп-тарфик» жедел алын алу операциясы кезінде адам саудасына байланысты 100-ге жуық қылмыс анықталған.
фото: 365info.kz
фото: 365info.kz

1971 жылғы 23 тамыз құлдар көтерілісімен тарихта қалды. Содан бері ЮНЕСКО-ның атқарушы кеңесінің ұсынысы бойынша осы оқиғаны мәңгілік есте қалдыру мақсатында БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге жыл сайын осы күнді Халықаралық құл саудасының құрбандарын еске алу һәм оны жою күні ретінде атап өту ұсынылған.

Арада 2 ғасырдан астам уақыт өтті. Алайда, адамды құл қылып пайдалану, зат сияқты сату яғни адам саудасы, керісінше, өрт секілді өрши түспесе, өшкен жоқ. Ұлан-ғайыр даласына адамы сыймай жатқан халқы жоқ болса да, аты өшкір кесапат Қазақстанды айналып өтіп кетті десек, қатты қателесеміз. Азаттық алып, экономикасы қалт-құлт етіп тұрған кезеңде негізгі күш қылмыстық топтардың, көкірегі көк тіреген кеудемсоқтардың жарым-жартылай қолында еді. Сол «жарты патшалар» адамдарды ұрлап әкетіп, әртүрлі мақсатта пайдаланып жатты. Содан не керек, еліміз ес жия бастады, құқық қорғау органдарымыз ояна бастады.

Соның дәлеліндей, тәуелсіздіктің бірінші ширек ғасырында, 2006 жылдың наурызында қазақстандық бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Қылмыстық кодексте «Адам саудасы» деген жаңа термин пайда болды. Конституциямызда «Адам саудасымен айналысу – аса ауыр қылмыс» деп жазылған. Бірақ, заң актілеріне сәйкес, қазақстандық сот адам саудасымен айналысқандарды әрі кеткенде 10-15 жылға дейін бас бостандығынан шектейді. Дегенмен, біздің ойымызша, бұл да өте аз мерзім. Адам саудасына, адамды құл қылып ұстауға, қанаушылыққа қатаң қарамайынша, қылмыскерлер де тайраңдауын тоқтатпайды.

Өзіңіз ойлаңызшы, мысалы, көрші Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларының Қылмыстық кодексінде жай ғана мал ұрлығы жеке қылмыс құрамына жатады және бұл үшін қатаң жаза қарастырылған. Сол елдерде қайталанған ұрлық өте ауыр қылмыстардың қатарына жатады. Тіпті, қайта ұрлық жасағандар 15-20 жылға дейін сотталып кете барады. Ал бізде мал түгілі, адам ұрлайтындарға мұндай жаза кесіле ме өзі?!

Қазақстан адам саудасына қарсы заңды күшейтіп, осындай қылмыс құрбандарын қорғауды жақсартқанымен, мемлекет ішіндегі адам саудасы әлі де үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің әлем елдеріндегі адам саудасы туралы жариялаған 2017 жылғы есебінде: «Қазақстан үкіметі адам саудасын жоюдың ең төменгі стандарттарына да сай келмегенімен, соған тырысып жатыр», - делінген.

Былтырғы жылғы ІІМ-нің «Стоп-тарфик» жедел алын алу операциясы кезінде адам саудасына байланысты 100-ге жуық қылмыс анықталған. Талауға түскен жүз тағдыр!

Көбіне адам саудасына түсетін құрбандықтар – еліміздің географиялық орналасуы мен экономикалық дамуына байланысты, Қазақстан қалалары мен ауыл-аймақтарына Орта Азиядан ағылып келетін еңбек мигранттары. Ел ішінде де миграциялық процестер тоқтаусыз жүріп жатыр. Мыңдаған адам отбасын асыраймыз деп ауылдан шаһарларға шұбыруда. Мемлекеттің бақылауына қарамастан, ішкі және сыртқы еңбек мигранттары адам саудасының құрбаны болуда. Қазақстанға құлдыққа көбінесе Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары түседі. Ал Қазақстан Республикасының азаматтары Араб, Түркия, Ресей Федерациясы, Оңтүстік Корея, т.б. елдерге құрбандыққа аттанады екен.

Өйткені, адам саудасы – әлемдегі үшінші мәселе. Яғни, ол – трансұлттық қылмыстар арасында қару-жарақ және есірткі саудасымен қатар тұрған тиімді де тегін табыс көздерінің бірі. Оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Мемлекет азаматтардың қауіпсіздігін қырағылықпен қамтамасыз етпейінше, телегей тер төкпейінше, қоғамда бейбіт өмір орнату мүмкін емес.

Конституциямызда «Адам саудасымен айналысу – аса ауыр қылмыс» деп жазылған жоқ па?! Ендеше, адам саудасымен айналысатындардың жазасын екі есе күшейтпек ләзім. Неліктен біздің қоғамда адам саудасы секілді құл иеленушілікке тән құбылыстың әлі күнге дейін түп тамырына балта шабылмай келе жатыр? Неге бізде адам сауадасы туралы арнайы заң жоқ? Тек Қылмыстық Кодекстегі 129,137-баптар ғана бар. Ал қалғандары – жанама баптар. Сондықтан қылмыскерге аз мөлшерде жаза тағайындалып, ол құтылып кетеді. Сондай-ақ, сол арнайы заңның жоқтығы құлдыққа түскен азаматтардың құқығын қорғауды қиындатады.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары