17.07.2014, 07:04

Қазақстан импортын Қытайдың қауіпті дәрілері толтырып жатыр

Сурет: thenews.kz

Қазақстанның дәрі-дәрмек нарығына Қытайдан үлкен қауіп төніп тұр, деп хабарлайды «Қазақпарат».

Қазақстанға жалған дәрілердің басым бөлігі Қытайдан келіп жатыр.  Бүгін Үкімет отырысына арналған Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осылай мәлім етті.

Министрдің сөзіне қарағанда, әлемде жалған дәрілер айналымы артып келеді. Мәселен, АҚШ-тың азық-түлік өнімдері мен дәрілік препараттарды бақылау жөніндегі басқармасының деректері бойынша жалған дәрілердің әлемдік айналымы 75 млрд. АҚШ долларын құрайды. Ал Еуропада соңғы жылдары 7 млн.-нан астам жалған фармацевтикалық өнімдер тәркіленген.

— Жалған дәрілік заттар айналымының 51 пайызы Азия елдеріне тиесілі. Ал Қазақстанның фармацевтикалық нарығына Қытаймен географиялық көршілігіміз үлкен қауіп болып отыр. Өйткені, контрафактілі дәрілердің басым бөлігі осы елден жеткізіледі, — дейді министр.

Оның айтуынша, Қазақстанның импортқа тәуелділігі де мұндай жалған дәрілердің ел нарығына енуіне жағдай жасауда.