Әлеуметтік желі сиыр туралы талқылап кетіпті. Негізі сиыр туралы әңгімеде ондай бір ерсі ештеңе жоқ. Керісінше екі сиыр "бала тууды жоспарлағанда мемлекетпен ақылдаспағандарыңызды" ұмыттырып жіберді. Негізгі әңгіменің көкесі осы еді.
Екі емес, екі жүз, екі мың сиыр бағайық. Ауыл шаруашылығын дамытайық. Ол үшін сол екі сиырға беретін микрокредитін шынымен берсін. Ауыл шаруашылығын, ауылды дамытуға бағытталған жобалар мен бағдарламаларды ауыз жүзінде ғана орындамай, нақты жүйелі атқарсын. Ауылды, ауыл шаруашылығын, xалықтың әл-ауқатын, мемлекеттің экономикалық жағдайын түзеуге арналған жобалар үшін бөлінген қаржы талан-талжыға түспей, жетер жеріне түзу жетсе ешкім ешкімнен ештеңе сұрамас еді.
Шынымен, xалқы әлеуметтік жәрдемге сүйеніп күн көретін мемлекеттің дамуы мен болашағы туралы болжам жасау қиын. Халқымыздың әлеуметтік көмек арқылы ғана күн көрер болса, баянды даму мен дамыған 30 елдің ауылына жету бос сөз болып қалады. Егер билік xалыққа "маған бер деме" дейтін болса, онда елдегі экономикалық жағдайды түзесін. Мемлекеттің байлығын өзара талан-талжылауды қойсын. Балық бергенше, қармақ бер деген. Мемлекет әлеуметтік көмекпен xалықты жарылқамай-ақ қойсын. Халық ешкімнен ештеңе сұрамайтындай елде экомикалық саясат жүргізсін, экономикалық жағдайды түзесін. Еңбек етіп, жұмыс істегендегі табысымыз "ешкіммен ақылдаспай тапқан балаларымызға" жететіндей жүйе орнатсын. Орта шағын бизнесті "билігі бар бандылар " тонамасын. Әлеуметтік теңсіздік жойылып, жалақы көтерілсін. Сол кезде xалық та әлеуметтік көмексіз өмір сүреді. Екі сиырын төртеу етеді. Ал қазіргі жағдай "тірегі бар" байды ғана байытып, кедейді одан ары кедейлендіруге арналғандай. Жұмыс істе дейді, Қазақстанда бос жатқан ешкім жоқ, жетбеген соң әлеуметтік көмекке мұқтаж болғаны болмаса. Екі сиыр демекші, қаладағы көптеген адамның табысы сол екі сиырдың кірісінен де аз. Мұғалімдердің жалақысын 2 есе өсіреміз деді. Өсірсін, мектептегі мұғалімдер үшін қуанышымын. Askhat Aimagambetov мырзаның бұл саладағы атқарар жұмыстарына сәттілік тілейміз! Ал жоғарғы оқу орындарының ұстаздарының табысы ше? Олар да жоғарыдағы екі сиырдың сүтінің табысынан аз алмаса көп алмайды. Айлықтарының қашан өскенін де ұмытып қалған. Айлығы шықса кредиті мен қарызын жауып, келер айлыққа дейін қарызбен өмір сүреді. Ал енді оларға келіп "сендер неге сапалы маман дайындамадыңдар" деп көріңіз? Қай салаға барсаң да осындай жағдай және бұның бәрі бір-бірімен байланысып еліміздің дамуы мен экономикалық жағдайымыздың көрсеткіші мен себеп-салдары бола алады.
Қайсыбірін айтасың. "Бақытты отбасы" деп көпбалалы аналарды баспанамен қамту бағдарламасын жасап жатыр. Бір балалы, 2 балалы отбасылар "бақытсыз отбасы" ма? Сондай қаншама жас, орта жастағы қаншама отбасылар үлкен қалалардағы лаштарда өмір сүріп жатыр. Көп бала емес, 1 баламен де жалдамалы пәтер табуыңыз қиын. 7-20-25, Нұрлы жер қатарлы бағдарламалар жасалып, халыққа баспана қолжетімді болады дейді. Ал банктер несиені төлеуге төлем қабылетің жетпейді деп қайтарады. Болмаса қалада баспанасы жоқтардан қаладан тіркеу сұрайды. Ақыры соңында қолжетімді баспана дегеннің өзі қолжетімсіз болып шыға келеді. Содан ақыры бірі лашықта, бірі сол сиыр қорадан да жәйсіз жерлерде өмір сүріп жатқан қаншама қандасымыз бар. Осындай түрлі жағдайда тіршілігін көріп жүрген қазаққа еңбек етбейсің, сұрай бересің деу мен дегізу бұл елдің жағдайынан бейхабарлықты білдіреді.
Халық еңбек етеді. Екі сиырды да алады. Көрпеге қарай көсіледі. Ол үшін сіздер де еңбек етіңіздер, осы жағдайдың авторлары мен оны түзеуге ниетті жаңа һам көне билік!
Президент Тоқаев билік өкілдеріне "халыққа жақын болыңдар" деп еді. Халықпен байланыста болуды, халықтың қызметкерлерін әлеуметтік желіге тіркелуді тапсырып еді. Бірақ Елбасымызға ақпарат жеткізушілер президенттің тапсырмасына әлі көңіл бөлмей жатқан сияқты ғой.
Тұрдыбек Құрметханның Facebook-парақшасынан