09.12.2015, 14:29

Полицейлер алматылық жоғалған қызды ұрлаған күдіктіні анықтады

Алматы облысының полицейлері өткен аптада жоғалып кеткен Айзада Авлатарованы ұрлаған күдіктінің кім екенін анықтады деп хабарлайды Tengrienws.kz облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Шұғыл іздеу жұмыстары барысында куәгерлер табылып, олар күдіктінің кім екенін анықтауға көмектесті. Алдын ала болжам бойынша, студентті ұрлаған 1970 жылы туған Н. есімді ер азамат, бұған дейін бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, ол мініп жүрген көлігін ұрлады деп те айыпталуда. Бұдан өзге де құқықбұзушылықтар жасаған" делінген облыстық ІІД таратқан хабарламада. Полицейлердің айтуынша, аталған іс ҚР ІІМ-нің тікелей бақылауына алынған.

Естеріңізге салайық, 20 жастағы студент қыз 3 желтоқсан күні таңертең жоғалған болатын. Ол өзі тұратын Жетіген ауылынан Өтеген батыр ауылындағы колледжге таксимен баруды көздепті. Алайда, жолай отырған көлігі оны оқу орнына емес, өзге жаққа қарай алып кеткен. Жолда Айзада алдымен достарының біріне телефон арқылы хабарласып, такси жүргізушісі өзін Қаскелең қаласына қарай алып кетіп бара жатқанын айтып дабыл қаққан көрінеді. Алайда, араға бірнеше минут салып, құрбысымен байланысқа шықан ол 5 минутта колледжге баратынын айтқан және содан кейін хабарсыз кеткен.