15.01.2016, 09:33

Ақтөбеде 2 мыңдай тұрғын уахабизм идеологиясымен уланған

Ақтөбе облысында оқушы қыздар қап-қара никабпен бүркеніп, 13-14-тегі ер балалар сақал жіберуге талпынып жүр. Бұл туралы аталған облысқа жуырда бас имам болып тағайындалған Нұрлан Асанов мәлім етті. Имамның айтуынша, қазіргі таңда облыста теріс ағым жетегінде жүрген екі мыңнан астам адам бар. Олар Сауд Арабиясының уахабизм иделогиясына шырмалып, адасып жүр дейді дін өкілі.

Нұрлан Асанов өңірге имам болып тағайындалғаннан кейін мектептерден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі жастармен кездескен. Аталған кездесулерде ол қала мектептерінің бірінде қап-қара киім киіп, бетін тұмшалаған жасөспірім қыздар мен сақал өсіргісі келетін балаларды көріп таң қалғанын айтады.

– Мектептің басшылығы әлгі балалармен жеке сөйлеспеген, мамандар шақырмай қам-қарекетсіз отыр. Бір байқағаным, теріс ағымдар туралы түсінік мектеп директорларының санасына әлі жетпей жатқан сияқты. Оқушылардың ұялы телефондарындағы бейнероликтердің экстремистік екенін де білмейді екен. Оларға түсіндіру жұмысы жүргізілмеген. Мен оларға мұндай видеоларды әлеуметтік желілерде тарату өз алдына, лайк басудың өзі қылмыстық жауапкершілік екендігін айттым. Оқушылар түсінген болулары керек, дереу өшіріп тастады, – дейді Нұрлан Асанов.

Бас имамның «жастар жат ағымның жетегінде кетіп жатыр» деп шыр-пыр болуы тегін емес. Өйткені, діни-радикалды идеология Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің басауруына айналып отыр. 

Отандық діндарлардың айтуынша, діни білімі таяз қазақ жастары діннің асылы арабтарда деп ойлағандықтан, сол елдердің діни көсемдері жүргізетін уағыздарды жиі тыңдайды. Ал, Сауд Арабиясы уахабизм бағытын ұстанатынын білмейтіндер көп. Теріс жолда жүрген қандастарымыздың көбі осы уағыздарды тыңдап уланған дейді Н.Асанов.

Сауд Арабиясынан діни тұрғыдан үлгі алуға болмайтындығын еліміздегі діндарлардан бастап зиялы қауым өкілдерінің барлығы айтып жүр. Мәселен, ғалым  Зікірия Жандарбектің айтуынша, ортағасырлық санамен артта қалған арабтардан қазақ халқы үлгі алмауы керек. Сол себепті ол «араб дәстүршілдігінен» бойымызды аулақ ұстап, сақ болуды ескертіп отыр.

–  «Араб дәстүршілдігінің» қазақ даласына келуі Ресей империясының қазақ даласын діни-идеологиялық тұрғыдан игеру үшін қолданған саясатымен байланысты болатын. Қазақ халқы өзінің дәстүрлі діни танымы аясында қалатын болса, оңайлықпен мойын ұсына қоймайтынын сезінген отаршылдар қазақтың діни сенім негіздері мен діни танымын өзгерту керектігін түсінді. Ол үшін 1756 жылдан бастап, діни басқарма ашып, арнайы қазақ даласы үшін Уфа қаласында медреседе молдалар дайындата бастаған. Керек десе, ол кезде әлі Қазақ хандығы ыдырымаған кезі болатын. Ресей отаршылдары өздеріне мойынұсынған жерлерге осы молдаларды жібере отырып, қазақ халқының дәстүрлі діни танымын өзгертуге күш салды. Ол молдалар қазақ арасында «заказной молдалар» деп аталды .  Олардың әрекеттермен қазақ зиялылары жүз елу жылдай күресті, – дейді  Зікірия Жандарбек.

Уахабизм иделогиясы Патшалы Ресейден басталып, Кеңес Үкіметі кезінде біршама саябырсып қалды. Алайда Тәуелсіздік алғаннан кейін уахабизм иделогиясы алдымыздан тағы да кесе көлденеңдеп шыға келді. Оның зардабын қазіргі таңда тартып келеміз. Мәселен, көптеген жастарымыз Сирияға жиһадқа аттанды. Егер де арабтың діни дәстүріне бас-көзсіз құлдық ұра беретін болсақ, алдағы уақытта жағдайымыз бұдан да қиын болуы мүмкін. Сондықтан да арбшылдықтан арылып, қазақттыққа бет бұруымыз керек. 

Әйтсе де, е желден исі мұсылман қауымы Қағбаға қарап бой түзеп, Ислам нұрынан нәр алып келеді. Өйткені Құран Кәрім ең алғаш рет Меккеде түсіп, Ислам діні Мәдина қаласында барша мұсылманға кең тарады. Сондықтан да өзін «мұсылманмын» деп есептеген мумин үшін Мекке мен Мәдинаның орны ерекше. Десек те ислам дұшпандары исі мұсылманды адастыру үшін діннің орталығы саналған Сауд Арабияны аздыруға тырысқанын естен шығармаған жөн. Соның салдарынан бүгінде Сауд Арабиясы ресми түрде уахабизм иделогиясын ұстанатын бірден бір мемлекетке айналды.

Серғазы АСЛАНБЕК