Еліміздегі АҚШ елшілігінің дипломаты Робин Маккатчеон өзінің ЛГБТ қоғамының мүшесі екенін мәлімдеді деп жазады 101TV.KZ интернет телеарнасы.
«Мен – әйел-трансгендермін. АҚШ Мемлекеттік департаментінде істеймін. Бұл – құпия емес. Мен жайлы түрлі басылымдар жазып жатыр. Қажет болған жағдайда өзім жайлы ашық айтамын», - деді Р.Маккатчеон.
Дипломат – елшілікте қоршаған орта, ғылым және Орталық Азиядағы денсаулық сақтау мәселелерімен айналысады. Бұрындары ол – Америкалық ЛГБТ дипломаттардың басын қосатын GLIFAA қоғамын басқарған. Маккатчеон өзін АҚШ дипломаттарының ішіндегі жалғыз трансгендер екенін айтады. Бірақ, америкалық елшілердің арасында біржыныстық қатынасқа бейімі барлардың көп екенін және оларды білетінін де жасырмайды.
АҚШ пен Қазақстанда жынысын ауыстырған адамдарға құжат алу басты қиындық деген ол өзінің бұл мәлімдемесін трансгендерлік пен ЛГБТ қоғамын насихаттау деп түсінбеуді сұрады.