20.01.2016, 12:16

Қызылордада 1 жылда 1 мыңнан астам алаяқтық фактісі тіркелген

Былтыр Қызылорда облысында 1137 алаяқтық қылмысы тіркеліп, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 12,2 пайызға артқан. Бұл туралы Қызылорда қалалық ІІБ тергеушісі Асылбек Бексейітов мәлімдеді. Полицейлер аталған қылмыстардың 81,4 пайызын ашқан.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтардың көпшілігін қарыз алып қайтармай қоятындар құраған. Атап айтсақ, 986 адам таныстарынан қарызға ақша алып, қайта бере алмауының салдарынан алаяқтықт фактісі бойынша сотталыпты. Ал, қалғандары несиесін төлей алмағандар, біреудің сеніміне кіріп, ақшасын қолды еткендер және келісімшартқа отырып, оның талабын орындамағандар.

«Бұл қылмыстардың өсім алуына тұрғындардың немесе жәбірленушілердің әлеуметтік жағдайларын түзеп беруге, атап айтқанда, жұмысқа орналасу, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, жеңілдетілген пайызбен несие алып беру, жер немесе пәтер алу жұмыстарына көмектесуге уәде еткен азаматтардың сөзіне алданып, оңай жолмен өз жұмыстарын бітіруге талпынулары себеп болып отыр» дейді А.Бесейітов.

Мәселен, 2015 жылы қала тұрғындарынан «төмен бағаға жер сатып алып, құжаттарын аз уақыттың ішінде заңдастырып беремін» деген желеумен 8 азаматтан ірі көлемде ақша алып, уәдесінде тұрмағандығы жөнінде арыз келіп түскен. Аталған арыз негізінде күдікті азаматшаның жеке басы анықталып, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-бөлігі, 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ол азаматшаның алаяқтық әрекетінен зардап шеккен басқа да қала тұрғындарының жеке басы анықталуда.