Шымкентте полицейлер бейнебақылау таспаларының көмегімен ұялы телефон ұрлығының ізін суытпай ашты деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.
Оқиға 28 қаңтар күні орын алған. Полицейлерге 1987 жылы туған жергілікті тұрғын арызданыпты. Оны түнгі 22:30 шамасында Жангелдин көшесінің бойында белгісіз біреу ұрып-соғып, "Самсунг" маркалы ұялы телефонын тартып алған. Тәртіп сақшылары жедел іздеу шараларын жүргізіп, бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол небәрі 20 жастағы Шардара ауданының тұрғыны болып шықты. Жасаған қылмысын мойындап отыр. Айғақ зат ретінде ұялы телефон тәркіленіп алынған.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабымен «Тонау» қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тергеу абақтысында қамауда.
Қазіргі таңда полицейлер ұсталған жігіттің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын тексеруде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.