03.02.2016, 16:57

Шымкентегі "Дефиле" дүкендер желісінің басшысы 7 жылға сотталды

Шымкенттік ірі кәсіпкер, "Дефиле" дүкендер желісінің иегері Бақытбек Нұрманов пен оның көмекшісі Мақсат Мәдиев адам ұрлағаны үшін және тонау фактісі бойынша айыпты деп танылып, әр қайсысы 7 жылдан бас бостандығынан айрылды. Бұл жайында Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Шара Бейсембаева мәлімдеді деп жазады Tengrinews.kz.

Естеріңізде болса, кәсіпкер былтыр мамыр айында ұсталған болатын. Ол жәбірленуші Тахир Тахтоходжаевты еркінен тыс саяжайдағы үйіне апарып, 5 күн бойы қамауда ұстаған және соққыға жыққан. Мұнан кейін жәбірленуші қамаудан қашып шығып, болған жайтты полицияға және журналистерге хабарлады. Артынша күдікті екі азамат қамауға алынған. Кейін Олардың үстінен тағы 4 адам шағым түсірді. Алайда, сот процесі өтіп жатқан кезде олардың төртеуі де арыздарын кері қайтарып алды.

"Озбырлық көрсету және заңсыз бостандығынан айыру баптары қос тараптың татуласуына байланысты алынып тасталды" дейді судья.

Кәсіпкер Нұрмановтың айтуынша, Тахтаходжаев оның әйелінің жиені екен. Ол кәсіпкерге тиесілі дүкендердің бірінде әкімші болып жұмыс істеген. Алайда, Тахтаходжаев туысына адал қызмет етудің орнына дүкенге түскен қаражатқа қол салып отырған. Яғни, клиенттерге жасалатын 10 пайыздық жеңілдіктің тек 5 пайызын ғана жасап, қалған 5 пайызын ол өзіне қалдырып келіпті. Осылайша, 1 жыл көлемінде дүкен әкімшісі 170 мың теңге пайда көрген дейді айыпты Нұрманов.