Басшысына қарсы шығып аштық жариялап жатып алған «Қазақ зағиптар» қоғамының мүшелері бүгін соққыға жығылды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алматыдағы соқырларға арналған оқу-өндірістік кәсіпорнында ас-судан бас тартып жатқан осы мекеменің бұрынғы директоры мен көмекшісін бүгін күзет күшпен далаға лақтырып тастаған. Ал оқиға орнына келген тәртіп сақшылары бұл заңсыздықты көре тұра бейқамдық танытты дейді ашулы зағиптар. Қазір күшейтілген күзет аш жатқан азаматшаларды аулаға тастаған. Ішке де кіргізбей есікті құлыптап қойыпты.
«Темір қақпаны табандап тұрып тепсе де түк шықпасын біле тұра тұра ұмтылған зағиптардың бұдан басқа қылар қайраты жоқ. Өйткені осымен 6-шы тәулік ас-сусыз жатқан Алматыдағы соқырларға арналған оқу-өндірістік кәсіпорнының бұрынғы басшысы Алтынай Ибрагимова мен оның көмекшісі бүгін тіпті таяққа жығылыпты. Ғимаратты тар көрген күзетшілер оларды сүйреп далаға шығарып тастаған. Қазір мекеменің ауласында күн астында қақсып отырған қос азаматша тек темір қақпаның арғы бетінен тіл қатысады», делінген телеарна сюжетінде.
— Бізді ұрып-соғып аяғымыздан сүйреп тепкілеп есік алдына мына жерге дейін шығарып тастады. Мына кісіні көтеріп алып есіктің алдына шығарып тастады.Қазір біз бәріміз таяқ жеп осы есіктің алдында отырмыз, бізді ішке кіргізбейді. Әубәкіров кісілерді жинап тұрып телефонында «Мен тірі болған кезде Алтынай бұл жерге директор боп келмейді», — деді Алтынай Ибрагимова
Әубәкіровтың әлі жетіп, әлімжеттік жасай алатыны қос әйел ғана деп ашуға мінді ел. Алтынай Ибрагимованың көмекшісін күзетшілер тіптен далаға лақтырып тастапты. Таспаға басылған бәрі. Ал тәртіп сақшылары тайлы-тұяғымен келсе де зағиптардың азабын алыстан бақылап қана тұрған.