Оңтүстік Қазақстан облысы «Достық» шекара бекетінің сақшылары елімізге заңсыз кірмек болған екі өзбек азаматын ұстады. Оларды қолға түсіруге Сарыағаш ауданының 6-шы сынып оқушысы көмектескен деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері.
Ынтымақ ауылында тұратын Мұстафа Әбдікәрім мектептен қайтар жолда түрлері күдік тудырған екі азаматтың жаяу кетіп бара жатқанын байқап, дереу шекарашыларға хабар беріпті. Жедел іздеу шаралары барысында сақшылар аталған екеуді ұстап, тексеру барысында шекараны заңсыз кескен Өзбекстан азаматтары екенін анықтады.
Осы жайттан кейін ҚР ҰҚК Шекара қызметінің подполковнигі Бауыржан Абсаматов Мұстафа оқитын мектепке келіп, оқушыны және оның ұстаздарын марапаттап, алғысын айтты.
Осы орайда айта керек, Сарыағаш ауданының жергілікті тұрғындары шекарашыларға жиі көмектесіп отырады. Мәселен, былтыр қыркүйек айында 5-ші және 7-ші сынып оқушылары шекараны заңсыз кесіп өтпек болған өзбек азаматын ұстап, сақшылардың қолына тапсырған болатын.