Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары 2011-2015 жылдар аралығында мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттан 300 миллион теңгеден астам қаржыны жымқыру фактісін анықтады. Аталған ақша Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті мен "Қазақтелеком" АҚ арқылы бөлінген.
Осынау қаражат ешқандай байқаусыз, бір көзден «ҚазТАГ ХАА» ЖШС мен «Ұлттық баспасөз-клубы» қоғамдық бірлестігіне берілген. Яғни, мемлекеттік орган аталған ұйымдармен келесімге отырып, мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асырмақ болған.
Тапсырыс беруші тараптың басты талабы - мемлекеттің жүргізіп отырған саясатынан халықты хабардар ету үшін ақпараттарды баршаға қолжетімді ету болатын. Алайда, қаржы полицейлері «ҚазТАГ ХАА» ЖШС-ін бұл талапты орындамаған деп айыптауда.
Атап айтқанда, мемлекеттің қаржысына жарияланған материалдар қарапайым тұрғындар үшін қолжетімсіз, яғни ақылы негізде болған. Ал, Сейітқазы Матаевқа Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті бөлген 80 миллион теңге мен "Қазақтелеком" АҚ бөлген 260 миллион теңгені өз қалтасына басты деген айып тағылуда.
Сонымен қатар, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деп күдікке ілінген С.Матаев бұл кәсібінен 1,4 миллиард теңге көлемінде пайда тауып, мемлекетке төлеуі тиіс 327 миллион теңге салықты төлемегеді деп те айыпталып отыр. Сондай-ақ, қазіргі таңда мамандар жергілікті атқарушы органдар тарапынан бөлінген қаражаттан 169 миллион теңгені жымқыру фактісін де тексеріп жатыр.
Қазақстан журналистер одағына төрағалық етіп келген Матаевтың бұл әрекеттері дәлелденсе жазасы ауыр болады дейді құқық қорғаушылар. Оған қазір мемлекеттің қаржысын жымқыру, салықтан жалтару сынды айыптар тағылуда. Мұндай қылмысты жасағандар 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылады және мүлкі тәркіленеді.
Қазіргі таңда келтірілген шығынды өндіріп алу үшін Сейітқазы Матаевтың барлық мүлкіне бұғау салынған. Аталған қылмыстық іске Матаевпен бірге тағы бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін, олар да қазір күдікті ретінде тексеріліп жатыр.