$ 445.66  474.58  4.78

Қызылордада жоғалған 3 жасар бала жыңғылдар арасында ұйықтап жатқан жерінен табылды

Қызылордалық полицейлер 1 тәулік бойы із-түссіз жоғалып кеткен 3 жасар сәбиді іздеп тапты. Бұл жайында облыстық ІІД баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.

Оқиға 29 ақпан күні орын алған. Баласын жоғалтқан ата-ана ішкі істер департаментіне кешкі сағат 20:30-дар шамасында хабарласыпты. Мұнан кейін жол-патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік полицейлер және Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бірлесе іздестіру шараларын жүргізген.

Бірнеше сағатқа созылған іздеу шаралары барысында сол аумақтағы көп қабатты тұрғын үйлердің өжірелері, подъездері, аяқталмаған құрылыс нысандары, саяжай аумағындағы далалық елдімекендер тексеріліп, көрген-білген адамдардан жауаптар алынды. Аталған фактіге себеп боларлық жайттар, барлық болжамдар жан-жақты қаралды. Нәтижесінде, 3 жастағы бүлдіршін Тасбөгет кенті, ПМК-19 саяжайының батыс жағынан 4 шақырым қашықтықтағы жыңғылдар арасында ұйықтап жатқан жерінен табылған.

Сондай-ақ, дәл осы күні 8 сыныпта оқитын жасөспірім қыздың жоғалып кету фактісі де тіркелді. Ол кешкі 21:30 шамасында Тасбөгет кентіндегі әжесінің үйіне кетіп, діттеген жеріне бармаған және үйіне де оралмаған. Қыздың анасы полицейлерге түнгі 01:30 шамасында хабар беріп, дереу іздеу шаралары жүргізілді.

Тәртіп сақшылары жеткіншектің құрбы-құрдастарын түгел сұрастырып, түсініктемелер алған. Нәтижесінде таңға жақын оқушы қыз аман-есен табылды.

Жоғалған екі баланың да жағдайлары жақсы, денсаулықтарына төніп тұрған қауіп жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары