$ 498.34  519.72  4.85

ҚР Қаржы министрлігі 3 млн шөлмек арақ өнімдерін сатып жатыр

Кеше ғана ҚР Парламенті шаруашылық басқармасының 11 мың шөлмек арақ-шарапқа тапсырыс бергелі жатқанын хабарлаған болатынбыз. Ал, бүгін ҚР Қаржы министрлігіне қарасты ОҚО бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті ірі көлемдегі алкогольді өнімдерді сатылымға қойды. Тауардың бастапқы құны 743 481 000 теңге.

Осыншама көп мөлшердегі арақ өнімдерін департамент қызметкерлері заңсыз саудадан тәркілеп алған. Шөлмек саны - 2 921 769 дана. Мемқызметкерлер бұл өнімдердің бәрін бәссауда арқылы сатпақ. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мәліметінше, аукцион ағымдағы жылдың 20 сәуірінде өтеді. Ал, сатып алатын үміткер кепілдеме ретінде 63 миллион 630 теңге алдын ала өткізуі тиіс.

Ведомство сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, сатып алушы тарап құжат рәсімдеу жұмыстарына, тауарды қоймадан алып кетуге кететін шығындарды толықтай өзі көтеруі тиіс.

Осы ретте айта кету керек, Қазақстан үкіметі жақын уақытта арақ құнын өсіруді жоспарлап отыр. Ең арзан арақ Қазақстанда 800 теңгені құрамақ. Ал, сарапшылар болса бұл шараның соңы жақсылыққа апармайтынын айтуда. Өйткені, ақшасы жоқ халық арақ өнімдерін қолдан әзірлеуге көшеді дейді олар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары