Қарағанды облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырған педагогтардың саны 47-ге жетті деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық "ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы" МКК-не сілтеме жасап.
"Қарағанды облысы бойынша ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың статистикасы әлі де болса күрделі. 2016 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, өңірде аталған дертті жұқтырған 4415 адам тіркелсе, СПИД-ке шалдыққан 920 науқас бар. Жұқтырғандардың 51-і кішкентай балалар. Сондай-ақ, 1791 адам ВИЧ-ті жыныстық қатынас салдарынан жұқтырған" дейді аталған орталықтың психологы Динара Балғымбекова.
Маманның айтуынша, бүгінде аты жаман аурумен ауыратындардың әлеуметтік портреті өзгерген. Мәселен, бұрындары ВИЧ-ті тек нашақорлар, жезөкшелер жұқтырса, қазіргі таңда аталған кеселге мұғалімдер де шалдығып жатқан көрінеді. Ауыратындардың дені 20-50 жас аралығындағы азаматтар, барлығына жуығы инфекцияны жыныстық жолмен жұқтырған. Сондай-ақ, педагогтардан бөлек бұл тізімде дәрігерлер, полиция қызметкерлері және кәсіпкерлер де бар.
"Мұндай әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін азаматтар ешқашан есірткі пайдаланып, ішкілікке салынбайды. Яғни, ВИЧ оларға жыныстық қатынастан жұққан. Қарағанды облысы бойынша аурудың ең көп тіркелген ошақтары Бұқар жырау мен Нұра аудандарында. Қаражалда да инфекция жұқтырғандар қатары артып келеді" дейді Д.Балғымбекова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жастар жыныстық қатынасқа тым ерте барып жатады. Мұның соңы ешқашан жақсылықпен аяқталған емес. Қыздар аборт жасатып, ұлдар жұқпалы ауруларға шалдығып жатады дейді психолог-маман.