18.04.2016, 03:15

Тасқын су ОҚО тұрғындарын да тығырыққа тіреді

Толассыз жауған нөсерлі жауын салдарынан Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар елдімекенін су шайып кетті деп хабарлайды Tengrinews.kz Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.

"17 сәуір күні кешкі сағат 18:35-те толассыз жауған жаңбыр салдарынан Төле би ауданы Ленгер қаласындағы бірнеше үйді және Қазығұрт ауданындағы 1 май ауылын су шаю қаупі артқаны туралы хабарлама келіп түсті" деп атап өтті Иманқұлов. Оның айтуынша, дәл осы күні кешкі сағат 22:00-де Ленгердегі жеті үй мен екі сарайды, сондай-ақ, Қазығұрт ауданындағы үш үйдің ауласы мен бір үйді толықтай су шайып кеткен. Тасқын суға мол жауған жаңбыр мен елдімекендерде арықтың болмауы себеп болып отыр.

ТЖК мәліметінше, қазіргі таңда оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Елдімекендерге көмек ретінде Шымкенттен арнайы мамандар мен техникалар жеткізіліп, қазір тасқын салдарымен күрес жұмыстары жүргізілуде.

Иманқұловтың айтуынша, Төле би, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандарында нөсерлі жаңбыр әлі жауып жатыр. ОҚО ТЖД жанынан шұғыл штаб құрылып, жағдайды назарда ұстауда.