18.04.2016, 07:29

Депутаттар мемқызметкерлерді күнделікті дене шынықтырумен айналысуға мәжбүрлемек

Таңертең жұмысқа кіріспес бұрын қызметтегі қазақстандықтардың бәрі дене шынықтырумен айналысуы керек деп есептейді Мәжіліс депутаттары. Бүгін үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрін тыңдаған халық қалаулылары мұны заңмен бекітуге дайын екендіктерін айтып отыр.

Айта кетейік, бүгін депутаттар алдында министр Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндама оқып, еліміздегі спорт саласының жетістіктерін және проблемаларын тізбектеп берді.

"Жұмыс барысында қозғалыстың тым аз болуы салдарынан біздің денсаулығымызды нағыз кәсіби дәрігерлер де сақтап қала алмайды. Біз үшін өзге біреу ешқашан дене шынықтыруын жасап, артық тағамнан да біз үшін біреу бас тартпайды. Деніміздің сау болуын ең алдымен өзіміз қалауымыз керек. Сондықтан жарнамалық науқан жүргізу қажет", - дейді депутат Аманжан Жамалов.

Оның айтуынша, Батыс елдерінде адам қандайда бір жетістікке жетуі үшін дене бітімі сұлу болуы керек. "Ал, бізде керісінше, қарын байлау сәнге айналып барады" деді халық қалаулысы.

Арыстанбек Мұхамедиұлы болса депутаттармен келісетінін, ол үшін Қазақстанның спорттық жетістіктерін халық арасында кеңінен насихаттау керектігін айтты. 

Ал, тағы бір мәжілісмен Бақыткүл Хаменова болса министрден еліміздегі мекемелердің бәріне таңертеңгі жаттығуларды міндеттеуді сұрады.

"КСРО тұсында бүкіл елде кәсіподақтар жұмыс істеді және қоғамдық гимнастикаға ол кезде үлкен мән берілтін. Нәтижесі жасан болған жоқ. Әсіресе, таңертеңнен кешке дейін кеңседе қимылсыз отыратын мемлекеттік қызметкерлерге пайдасы мол. Егер мұны қазір заңмен бекітіп, қызметкерлердің күнделікті дағдысына айналдырсақ олар атқарып жатқан жұмыстың сапасы артады деп ойламайсыз ба?" деп сұрады Хаменова баяндама оқыған министрден.

Мұхамедиұлы болса мемқызметкерлерді таңертеңгі 8-ден бастап мәжбүрлеп гимнастикамен айналыстыру министрліктің қолынан келмейтінін айтты.