18.04.2016, 16:16

ОҚО-да кеше ғана сайланған депутат бопсалау дерегі бойынша ұсталды

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Алтын Орда» ЖШС директоры 53 жастағы Айдархан Орынбасаров бопсалау қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталды деп хабарлайды Today.kz.

Депутаттың күдікті ретінде ұсталғандығын Әл-Фараби аудандық соты да растап отыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 4-тармағының 2-бөлімі «Аса ірі көлемде бопсалау» дерегі бойынша айып тағылған.

Белгілі болғандай, Айдархан Орынбасаров аталған жайтты естіген кезде жүрегі сыр беріп, ауруханаға түскен. Ол басқаратын компания қызметкерлерінің айтуынша, депутат инфаркт алған және қазіргі таңда ауруханада полицейлердің күзетінде жатыр.

Орынбасаровтың ісімен ұлттық қауіпсіздік қызметінің мамандары айналысуда. 

Естеріңізге салайық, Айдархан Орынбасаров 20 наурызда өткен мәслихат сайлауына №25 учаскеден сайланған болатын.