Әлемге әйгілі британдық BBC телеарнасының ресейлік қызметі Қазақстанның оңтүстігінде жер жыртып, еңбек ететін шаруалардың қалай су азабын тартып жүргені туралы бейнесюжет көрсетті.
Телеарнаның Facebook желісіндегі ресми парақшасында жарияланған бейнероликте Орталық Азияның су проблемасы туралы айтылған. Онда Тараз қаласына жақын маңдағы диқандардың құрғап кеткен жерді құдық суымен суғарып отырғаны көрсетіледі.
"Бұл жердің тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады, қауын-қарбыз өсіреді, өнімдері тіпті, Ресейге апарып сатады екен. Бұл өңірдегі басты проблема - ағынды су. Өздеріңіз көріп отырғандай, жер әбден құрғап кеткен. Орталықтандырылған су жүйесі жоқ, ал, арналар арқылы су мүлдем келмейді. Ағынды су да, ауыз су да жоқ. Сондықтан, жергілікті халық тіршілік нәрін өздері құдық қазып шығарады" дейді телеарнаның тілшісі Оксана Вождаева.
Ал, сюжетке түскен қазақ шаруасы журналистке құдықтан суды қалай шығаратынын көрсетіп берді. Тереңдігі кемі 10 метр болатын мұндай құдықтарды диқандардың өздері қазып алады. Ал, су сорғыларын Қытайдан сатып алатын көрінеді.