29.04.2016, 02:57

Оралда 1 мамырға жоспарланған мерекелік шеру болмайтын болды

Оралда алғаш рет Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған мерекелік шеру биыл болмайтын болды деп жазады Informburo.kz. Бұл туралы тілшілерге Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы мәлімдеген.

«Бізге шерудің болмайтынын осы қазір ғана айтты. Әдетте ол жыл сайын өтетін, 30 мың адамға дейін қатысатын кездер болады», — дейді бөлім басшысы Сайран Дүйсентегі.

Ал, облыстық әкімдіктегілер болса ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай 1 мамырды атап өтпейміз деп отыр. Бірақ, екі мерекенің арасы 7 айдан астам уақытты құрайтынын ескерсек, шенеуніктердің бұл себебі ақылға онша қоныңқырамайды.

«Біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 жерде әр түрлі іс-шаралар өткізуді жоспарладық. Бұл ҚХА-ның ұсынысы», — дейді БҚО әкімдігінде бөлім инспекторы болып қызмет істейтін Бақытжан Нарымбетов. Ал, Қазақстан халқы ассамблеясының БҚО-дағы өкілдері болса аталған мереке тек атап өту түрін ғана өзгерткенін айтып отыр.

«Қазақстан халықтарының бірлігі күні аталып өтіледі, мерекеге ешкім тыйым салған жоқ. Абай алаңында концерт өтеді. Бірақ, бұрынғыдай мыңдаған адамның қатысуымен шеру өткізбейміз. Біз мерекенің форматын өзгерттік. Мерекелік шаралардың дені еңбек ұжымдарында өтеді», — дейді ҚХА-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша төрағасының орынбасары Гайса Капаков.

Айта кетейік, бұған дейін жаңадан қабылданған Жер кодексіне наразылық білдірген халық Атырауда, Ақтөбе мен Семейде және Ақтауда митинг өткізген болатын.