29.04.2016, 10:43

1 мамыр күні шеруге шығудан тағы бірнеше қала басшылығы бас тартты

Орал мен Ақтаудан кейін Қазақстанның өзге де қала әкімдіктері 1 мамыр күнгі мерекеде шеруге шығудан бас тартып жатыр. Қазақстан халықтарының бірлігі күні өтетін дәстүрлі парадқа Өскемен, Қарағанды, Теміртау, Павлодар және Шымкент қалаларының басшылары тыйым салып отыр. Бұл туралы Informburo.kz порталы жазды.

"Республика алаңында бұл күні концерттік бағдарлама өткізу жоспарланған. Оған Өскемендегі этномәдени бірлестіктер мен өнер ұжымдары қатысады. Қалған 13 шағын алаңқайларда да өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері, ұлттық ойындары мен тағамдары көрсетілмек" деді Өскемен қалалық әкімдігінің өкілдері.

Қарағандылық шенеуніктер де шеруге шығудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Олар бұған ауа-райының құбылмалы болуы себеп екенін айтуда. 

"Ауа-райының тұрақсыздығына байланысты шеруді тоқтаттық. Жоспарланған өзге шаралар өте береді. Басталуы сағат 12:00-де, саябақта" дейді қала әкімі Нұрлан Әубәкіров.

Мерекелік парад Теміртау қаласында да болмайды. Жоспарға сәйкес, қаладағы басты алаңнан 1 мамыр күні шерушілердің екі тобы жүріп өтуі тиіс болатын. Бірақ, басты көшелерде көлік тығынын жасамау үшін жергілікті билік өкілдері шеруден соңғы сәтте бас тартыпты.

Сондай-ақ, Павлодар мен Шымкент әкімдіктері де дәстүрлі шеруді биыл өткізбейтін болып шешіпті. Павлодарлықтар мерекені парадсыз да өткізуге болады деген ұстанымды ұстаса, Шымкент билігі қалада бұған дейін де ешкім шеруге шықпайтын, бұл жолы да шықпайды деп қысқа жауап берді.

Айта кетейік, бұған дейін Орал мен Ақтау қалаларының әкімдіктері де 1 мамырға қарсы өткізілетін шеруді өткізбейтінін мәлімдеген болатын.