Күні кеше Ақтауда Жедел қимылдайтын арнайы жасақ (СОБР) өкілі табельдік қаруын тапсырар кезде әріптесін байқаусызда атып алғандығы туралы ақпарат тараған болатын. Алған дене жарақатынан кейін полиция қызметкері ауруханада жан тапсырған. Ал, сол жерде болған екінші полицейге де белгісіз себептермен оқ тиіп, қазір ол ауруханада ауыр халде жатыр. "Азаттық" тілшілерінің хабарлауынша, бұл оқиға байқаусызда емес, екі тарап арасында болған төбелестің салдары болуы мүмкін.
Азаттыққа сұхбат берген бейресми дереккөз оқиғаның 2 мамыр күні орын алғанын айтқан. Оның сөзіне сенсек, СОБР мен Жол-көлік патруль жасағы арасында "келіспеушілік болып", оның соңы атысқа ұласқан. "Нұрболат есімді полиция қызметкеріне тиген оқ жүрек тұсын жарып өткен. Ертең оны жерлейді" деп хабарлады дерек көзі.
Маңғыстау облыстық ІІД таратқан ресми мәлімдемеде жәбірленушілердің де, оларды атқан арнайы жасақ өкілінің де аты-жөні аталмай отыр. Тіпті, тергеу жұмыстары аяқталғанға дейін ешқандай ақпар бере алмаймыз дейді департамент өкілдері.