06.06.2016, 07:13

Тоқтар Төлешов билікті күшпен басып алмақ болған - Бас прокуратура

Бүгін ҚР Бас прокуратурасында баспасөз мәжілісі өтіп, прокурорлар мен ҰҚК қызметкерлері "Шымкентсыра" компаниясының бұрынғы басшысы Тоқтар Төлешовке қандай айыптар тағылып отырғаны хабарланды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Руслан Қарасаевтың айтуынша, Төлешов былтырдан бері билікті басып алуға дайындалған көрінеді.

"Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Тоқтар Төлешов бұған дейін дайындық жұмыстарын жүргізген. Ал, былтырдан бері билікті күшпен басып алудың алғашқы қадамдарын жасаған. Ол ел ішінде тұрақсыздық орнатып, жаппай бей-берекет тудыруды жоспарлағаны белгілі болып отыр", - дейді Қарасаев.

Бас прокуратураның департамент басшысы Құсайын Игембаевтың айтуынша, Төлешовке сонымен қатар, қару-жарақ пен есірткі сақтады, ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген айыптар да тағылуда. Олардың қатарында адам ұрлау және өлтіру, денесіне жарақат салу, біреудің мүлкін жою және тартып алу сынды деректер бар.

Естеріңізге салайық, Тоқтар Төлешов 2016 жылдың 30 қаңтарында ұсталған болатын.